«Таза Қазақстан»: Павлодарда құрылыс қалдықтарын заңсыз төгу дерегі анықталды

/
«Таза Қазақстан»: Павлодарда құрылыс қалдықтарын заңсыз төгу дерегі анықталды
polisia.kz

Павлодар қаласында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасын іске асыру аясында полиция қызметкерлері абаттандыру талаптары мен табиғат қорғау заңнамасының сақталуын бақылау бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда, деп хабарлайды turkystan.kz.

5 тамызда жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында қала аумағындағы бау-бақша серіктестіктерінің бірінде құрылыс қалдықтарын белгіленбеген жерге заңсыз төгу фактісі анықталды.

Полиция қызметкерлері анықтағандай, Павлодар қаласындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің біріне тиесілі Shacman жүк көлігінің жүргізушісі басшылықтың тапсырмасымен құрылыс қалдықтарын арнайы белгіленбеген аумаққа төккен.

- Осы дерек бойынша заңды тұлғаға қатысты әкімшілік материалдар жиналып, қарау және құзыреті шегінде тиісті шешім қабылдау үшін Павлодар облысының Экология департаментіне жолданды, – деді Павлодар облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев.

Полиция азаматтар мен ұйым өкілдерін тазалық талаптарын сақтауға, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға және тұрмыстық әрі құрылыс қалдықтарын тек арнайы белгіленген орындарға шығаруға шақырады. Қоршаған ортаның тазалығы мен қоғамдық тәртіпті сақтау – баршаға ортақ міндет.

«Таза Қазақстан» бағдарламасының мақсатына қол жеткізу де әр азамат пен ұйымның жауапкершілігіне тікелей байланысты. Бірлескен күш-жігер ғана туған өлкенің тазалығы мен көркеюін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, «Таза Қазақстан» — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды республикалық экологиялық акция. Жоба қоршаған ортаны қорғауға, тазалықты сақтауға және ұлттық экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар