Абай облысында күнбағыс майын өндіретін зауыт ашылды

/
Абай облысында күнбағыс майын өндіретін зауыт ашылды
Абай облысы әкімдігі

Бүгін Мақаншы ауданының орталығы – Мақаншы ауылында «DI-NUR» ЖШС-нің күнбағыс майын өндіру зауыты пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы жобаның ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді өңдеуге және экспорттық әлеуетті арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

«Бүгін біз облысымыздың, соның ішінде Мақаншы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін стратегиялық маңызы зор инвестициялық жобаның жүзеге асуына куә болып отырмыз. «Di-Nur company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күнбағыс тұқымын қайта өңдеу және өсімдік майын өндіру зауытының ашылуы – өңіріміздің өндірістік әлеуетін арттырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға бағытталған маңызды жоба. Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенінде өндірілетін өнімнің көлемін ғана емес, оның сапасын арттыруға, шикізатты терең өңдеуге және экспортқа бағытталған бәсекеге қабілетті өнім шығаруға ерекше назар аударып келеді. Бүгін іске қосылып отырған кәсіпорын – осы міндеттердің нақты жүзеге асуының айқын дәлелі. Мұндай инвестициялық жобалар облыс экономикасының тұрақты дамуына, инвестициялық тартымдылықтың артуына және жаңа өндірістердің қалыптасуына серпін береді. Ерекше атап өтерлігі, май өндіру зауытының негізгі инвесторы өзіміздің жерлесіміз, осы ауданның тумасы Серік Рамбаевтың туған жерге туын тігіп, осындай үлкен өндіріс орнын туған жеріне салып жатқаны үлгі боларлық қадам деуге болады. Баршаңызды жаңа кәсіпорынның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!», – деді Берік Уәли.

Жобаның жалпы инвестициялық құны 7 миллиард теңгені құрайды. Заманауи технологиялармен жарақтандырылған өндіріс орны тәулігіне 300 тонна күнбағыс майын шығаруға, 500 тоннаға дейін күнбағыс дәнін тазалау және құрама жем өндіруге қауқарлы. Сонымен қатар кәсіпорында 20 тұрақты және 100 маусымдық жұмыс орны құрылып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға елеулі үлес қосады.

Бұл жобаның Мақаншы ауданы үшін стратегиялық маңызы ерекше. Ауданның Қытай Халық Республикасымен мемлекеттік шекарада орналасуы кәсіпорын өнімдерін сыртқы нарықтарға шығаруға, экспорт көлемін ұлғайтуға және халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға және өңірдің транзиттік әрі өндірістік әлеуетін тиімді пайдалануға зор мүмкіндік береді.

Аудан тұрғындары кәсіпорынның ашылуына ризашылықтарын жеткізді.

«Сіздерді ауданымыздағы алғашқы өндіріс орнының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Ауылдық жерлерге инвестиция тартудың маңызы ерекше. «Аягөз-Бақты» теміржолының құрылысы, Алакөл жағалауындағы ауқымды инвестициялық жобалар, Бақты ауылындағы мультимодальды құрғақ порт пен логистикалық парк құрылысының басталуы ауданның экономикалық мүмкіндігін арттырып, тың серпін береді. Бұл дегеніміз – мақаншылықтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және ауданның дамуына үлкен мүмкіндік. Аудан тұрғындары атынан алғыс білдіремін», – деді аудандық ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әбен Разуев.

Биыл өңірде агроөнеркәсіптік кешен саласындағы Жол картасы аясында 23,7 млрд теңгеге 6 ірі агрожобалары іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде биылғы ақпан айында «Агролидер KAZ» ЖШС бұршақты және майлы дақылдарды қайта өңдеу зауыты іске қосылды. Ағымдағы жылға қайта өңдеу саласы бойынша 8,3 млрд теңгеге –«QAZAQ-ASTYQ GROUP» ЖШС базасында тазартылған (рафинадталған) май өндірісін және 7,7 млрд теңгеге «Eurasia Agro Semey» ЖШС базасында ірі ет өңдеу зауыттарын іске қосу көзделген.

Жалпы, мемлекеттік бағдарлама аясында 2031 жылға дейін агроөнеркәсіп саласында 90 ірі агрожоба іске қосылады. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді кеңейтуге, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға және экспорттық әлеуетті арттыруға айтарлықтай серпін береді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар