Бұған дейін әлеуметтік желілерде Түркістан облысының 66 жастағы тұрғынының тойда айтқан уағызы түсірілген бейнежазба тараған болатын. Осыған байланысты діни және әлеуметтік араздықты қоздыру белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған еді. Енді Ішкі істер министрлігі күдіктінің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«ҚР Конституциясында еліміздің зайырлы, құқықтық әрі әлеуметтік мемлекет екені, ал адам, оның құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылықтар екені бекітілген (1-бап).
Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең, жынысына, дінге көзқарасына және өзге де мән-жайларға байланысты кез келген кемсітуге тыйым салынады (16-бап).
Сонымен қатар сөз бостандығы басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұқпауға тиіс, ал діни және әлеуметтік араздықты насихаттауға жол берілмейді (23-бап)», - делінген ақпаратта.
ІІМ ескертеді: адамның қадір-қасиетін қорлайтын, әйелдерді кемсітетін, діни немесе әлеуметтік араздықты қоздыратын не қоғамдық келісімді бұзуға бағытталған кез келген жария мәлімдемелерге заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріледі.
Еске салайық, бұған дейін аталған тұрғынының тойда айтқан «Музыка – харам, әншілер – шайтанның азаншысы» деген мазмұндағы уағызы әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, қоғамда қызу талқыланған болатын. Осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған еді.