Түркістан облысында 5 баланың әкесі кісі қолынан қаза тапты

/
Түркістан облысында 5 баланың әкесі кісі қолынан қаза тапты
istockphoto.com

Түркістан облысында ауылдастарымен кездескеннен кейін 32 жастағы ер адам қаза тапты. Қайғылы оқиға 19 шілде күні Түлкібас ауданында болған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мейрамхананың бейнебақылау камерасына түсіп қалған жазбада бес ер адамның Маханбет Тұрғанбекті аяусыз соққыға жыққаны көрінеді. Марқұмның туыстарының айтуынша, Маханбетті тек қатты соққыға жығып қана қоймай, тамағына пышақ сұғып, қансырап жатқан күйінде қалдырып кеткен.

Жақындарының сөзінше, таныстары кешкі сағат 22:00-ден түнгі 00:00-ге дейін оған бірнеше рет қоңырау шалып, кездесуге шығуын өтінген. Үйден шыққаннан кейін онымен байланыс үзілген. Түнгі сағат 01:30 шамасында отбасына оның қаза болғаны туралы хабар жеткен.

Маханбеттің жұбайы қайғылы оқиғадан бері 11 күн өтсе де, тек бір ғана адамның қамауға алынғанын айтады. Қалған күдіктілер әлі күнге дейін бостандықта жүр. Оның үстіне, кісі өлтірілгеннен кейін олардың бірі марқұмның телефонына түскен қоңырауларға жауап берген.

Марқұмның артында жұбайы мен бес баласы қалды. Үлкен қызы 11 жаста болса, кенже сәбиіне әлі қырық күн де толмаған.

Полиция Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша қылмыстық іс қозғады. Алайда Түркістан облысы Полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар