Жеребе, Әдеп хартиясы және баршаға ортақ ашық микрофон – аптаның басты саяси кеші дәл осындай форматта өтті.
Сайлауалды науқан партиялардың сайлауалды бағдарламалары тікелей эфирде сынға түсетін жаңа кезеңге қадам басты. Кеше «Qazaqstan» телеарнасында Құрылтай депутаттығына үміткер жеті саяси партияның қатысуымен ұлттық дебат өтті. Бұл саяси дода сайлаушылармен кездесулерге толы аптаның басты оқиғасына айналып, бүкіл сайлау аптасының саяси күн тәртібін айқындады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ойын тәртібі: әділдік жеребемен айқындалды
Дебат ұйымдастырушылары кез келген ашық пікірталастағы ең басты мәселе – қатысушыларға тең жағдай жасалуын алдын ала шешіп қойды. Тікелей эфир басталар алдында партия өкілдері Әдеп хартиясына қол қойып, пікірталас барысында жеке басқа тиіспеуге міндеттеме алды. Ал сөз сөйлеу кезегі эфирге санаулы минуттар қалғанда, қатысушылардың көз алдында кездейсоқ сандар генераторы арқылы анықталды. Жеребе нәтижесінде партиялар мынадай ретпен орналасты: «Ауыл», «Байтақ», «Әділет», ЖСДП, «Ақ жол», Respublica және Қазақстан Халық партиясы.
Алматы медиаорталығының студиясында екі түрлі ахуал тоғысты. Бір жағынан, камералар, жүргізушілер мен сарапшылар қатысқан тікелей эфирдің қатаң әрі барынша жинақы атмосферасы сезілсе, екінші жағынан, өз кандидаттарын қолдауға келген партия жақтастары залға ерекше серпін мен жанды эмоция сыйлады.
Адами капитал – басты саяси бәсекенің өзегінде
Дебат модераторлары талқылаудың негізгі тақырыбы ретінде әрбір сайлаушыға тікелей қатысты мәселені – адами капиталды дамыту мәселесін таңдады. Әңгіме білім беру, әлеуметтік қолдау, жастардың мүмкіндіктерін кеңейту және болашақ экономикасына қажетті кадрларды даярлау төңірегінде өрбіді. Партиялар өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырумен ғана шектелмей, қай бастаманың тиімді екенін дәлелдеуге тырысты және студиядағы саяси қарсыластарының ұстанымдарымен ашық салыстырды.
Пікірсайысты «Ауыл» партиясы ауылды дамыту тақырыбымен бастады. Партия өкілі Серік Егізбаевтың айтуынша, қуатты мемлекет ең алдымен өңірлердің тұрақты дамуынан басталады. Сондықтан партия ауыл жастарына арналған білім беру квотасын сақтауды, жас мамандарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді және ауылдық жерде еңбек етуге ниетті азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуді ұсынады.
«Байтақ» партиясы адами капитал тақырыбына экология тұрғысынан келді. Нұргүл Қадырбаеваның пікірінше, қоғам денсаулығы қоршаған ортаның жай-күйімен тікелей байланысты. Сондықтан экологиялық мәдениет те сауаттылық сияқты жас ұрпақтың тәрбиесіне жүйелі түрде сіңірілуі тиіс.
«Әділет» партиясы ең мазмұнды әрі қарқынды бағдарламалық ұстанымдардың бірін ұсынды. Партияның негізгі назары білім беру, ғылым және IT саласына қажетті кадрлар даярлауға ауды. Ренат Бектұров білім мен білікті мамандарға салынатын инвестицияны ел дамуының басты қозғаушы күші ретінде атап өтті. Залдағы жалпы әсер мен көрермендердің дауыс беру қорытындысы бойынша, дәл осы ұстаным ең сенімді әрі нанымды шықты.
ЖСДП пікірталасты әлеуметтік әділеттілік тақырыбына бұрды. Тазабек Самбетбай еңбек құқықтарын қорғау, мұғалімдер, дәрігерлер және ғалымдардың табысын арттыру мәселелеріне тоқталып, әлеуметтік мәселелер шешілмейінше экономикалық өсімнің тұрақты болуы мүмкін емес екенін айтты.
«Ақ жол» партиясы кәсіпкерлік әлеуетті дамытуға басымдық берді. Олжас Нұралдинов жастардың тұрғылықты өңіріне қарамастан өз идеяларын жүзеге асыруына тең мүмкіндік жасалуы қажет екенін жеткізді.
Respublica технологиялық даму бағытын алға шығарды. Партия цифрлық экономиканы дамытуға, жаңа буын мамандарын даярлауға және өз жобаларын іске асыруға ниетті азаматтарды қолдауға басымдық беретінін мәлімдеді.
Қазақстан Халық партиясы сөзін әлеуметтік қорғау мәселесімен түйіндеді. Партия қолжетімді білім беру мен медицинаны қамтамасыз етуді, сондай-ақ азаматтарды қолдауда мемлекеттің белсенді рөлін күшейтуді негізгі басымдықтардың бірі ретінде атады.
Жекелеген пікірлер өткір болғанымен, дебат барысында шектен шыққан мәлімдемелер мен жеке басқа бағытталған шабуылдарға жол берілген жоқ. Қатысушылар бір-бірінің тұлғасын емес, идеялары мен бағдарламалық ұстанымдарын талқылады. Осындай сенімді ұстаным мен саяси ұстамдылықтың үйлесімі жалпы пікірталас аясында «Әділет» партиясын айрықша көрсетті.
Көрермен таңдауы: бір кеште 21 334 дауыс берілді
Ұлттық дебат партиялардың пікірсайыс алаңына ғана емес, осы сайлау науқанындағы көрермен көңіл күйін алғаш рет кең ауқымда бағалауға мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды. Тікелей эфир барысында көрсетілген QR-код арқылы 21 334 адам дауыс берді. Сауалнаманы «Қазақстан» телерадиокорпорациясының тапсырысы бойынша Орталық сайлау комиссиясы жанында аккредиттелген «Демократия институты» қауымдастығы жүргізді.
Дауыс беру қорытындысы бойынша – «Әділет» партиясы көрермендердің 67,1 пайыз дауысын жинады. Одан кейін «Ақ жол» – 9,9 пайыз, Қазақстан Халық партиясы – 8,2 пайыз, «Ауыл» – 5,4 пайыз, Respublica – 4,3 пайыз, ЖСДП – 2,2 пайыз және «Байтақ» – 2,1 пайыз көрсеткішпен орналасты. Ал көрермендердің 0,8 пайызы ешбір партияның ұстанымы өзін сендіре алмағанын мәлімдеді.
Көрермендердің эфир барысында әлеуметтік желілер арқылы жолдаған сауалдарының құрылымы да ерекше назар аудартты. Сұрақтардың 40,37 пайызы әлеуметтік мәселелерге арналса, 19,27 пайызы экономикаға, 16,51 пайызы мәдениетке, 13,76 пайызы саясатқа және 10,09 пайызы экология тақырыбына қатысты болды. Бұл көрермендердің ең алдымен өмір сүру сапасы мен әлеуметтік қорғалуы мәселелеріне басымдық бергенін көрсетті. Соның нәтижесінде дәл осы тақырыптар кеш бойғы пікірталастың негізгі өзегіне айналды.
Өңірлердегі үгіт-насихат жұмысы жалғасын тапты
Студияда ұлттық дебат өтіп жатқан сәтте өңірлердегі сайлауалды науқан да бір сәтке тоқтаған жоқ. «Әділет» партиясы Ұлытау және Ақмола облыстарында металлургтермен, дәрігерлермен, спортшылармен, аграршылармен және тұрғындармен кездесіп, отандық өндірушілерді қолдау мен азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін талқылады.
ЖСДП жұмыспен қамту, білім беру және денсаулық сақтау тақырыптарына басымдық берді. «Байтақ» қалдықтарды қайта өңдеу мен жасыл экономиканы дамытуға бағытталған экологиялық бастамаларын таныстырды. Қазақстан Халық партиясы мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қатысты медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесін жетілдіруді ұсынды. «Ауыл» ауылдық өңірлер тұрғындарымен кездесулерін жалғастырса, «Ақ жол» кәсіпкерлермен және шағын бизнес өкілдерімен пікір алмасты. Ал Respublica өндірісті жаңғырту мен жастар бастамаларын қолдау мәселелерін күн тәртібіне шығарды.
Сонымен қатар күн тәртібінде партияаралық саяси пікірталас та жалғасын тапты. «Ақ жол» партиясы Respublica-мен жария пікірталасты жалғастырып, оның сайлауалды бағдарламасындағы кезекті бастамалардың біріне күмән келтірді. Бұл жолы сынға банктерді антифрод-орталыққа міндетті түрде қосуды көздейтін ұсыныс ілікті. «Ақ жол» партиясының өкілі Юрий Лидің пікірінше, Respublica сайлаушыларға қолданыстағы заңнама аясында әлдеқашан жүзеге асырылған норманы жаңа бастама ретінде ұсынып отыр. Осылайша, оңшыл электорат үшін саяси бәсеке жаңа уәждермен жалғаса түсті.
Дегенмен дәл кешегі тікелей эфир жеті партияның сайлауалды бағдарламалары алғаш рет бір алаңда қатар салыстырылған маңызды кезең болды. Бұл пікірсайыс сайлаушыларға ұсынылған Қазақстанның болашағына қатысты жеті түрлі көзқарастың бір-бірінен нақты қалай ерекшеленетінін айқын көрсетті.