«Әділет» партиясының өкілдері «Qarmet» металлургтерінің ұсыныстарын тыңдады

«Әділет» партиясының өкілдері «Qarmet» металлургтерінің ұсыныстарын тыңдады
"Әділет" партиясының баспасөз қызметі

«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай бастаған Республикалық сайлауалды штабтың мүшелері Қарағанды облысындағы «Qarmet» АҚ металлургия комбинатының еңбек ұжымымен кездесті. Кездесуге қатысушылар өнеркәсіптік қауіпсіздік, кәсіпорындарды жаңғырту, кадрлар даярлау, жалақыны арттыру және индустриялық қалаларды дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Qarmet» АҚ Болат департаментінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі директоры Бауыржан Әлжанов өндірістегі жарақаттану деңгейінің жоғары екеніне назар салды. Оның айтуынша, жыл сайын өндірісте мыңдаған қызметкер жарақат алады. Осыған байланысты ол өндірістік жарақаттануды азайту және еңбек қауіпсіздігін арттыру үшін «Әділет» партиясы қандай заңнамалық бастамалар ұсынып отырғанын сұрады.

Сұраққа жауап берген Құрылтай депутаттығына кандидат Азамат Төлегенов партияның басты қағидаты жазатайым оқиғалардың салдарын жою емес, өндірістік тәуекелдердің алдын алу екенін атап өтті.

«Әділет» партиясының ұстанымы – жазатайым оқиғаларға ден қоюдан гөрі олардың жүйелі түрде алдын алу. Біз қауіпті өндіріс орындарында өндірістік қауіпсіздіктің цифрлық жүйелерін кеңінен енгізуді, еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзған жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейтуді, осы талаптардың сақталуына тәуелсіз бақылауды нығайтуды, сондай-ақ қызметкерлерді тұрақты оқытуға, өндірістік тәуекелдерді бағалауға және кәсіпорындарды жаңғыртуға ерекше көңіл бөлуді ұсынамыз», - деді Азамат Төлегенов.

Кездесу барысында өндірістік қауіпсіздікке ғана емес, өнеркәсіптік өңірлердегі әлеуметтік саясатқа қатысты да мәселелер көтерілді. Екатерина Смышляева тәуелсіз бақылауды дамыту, кәсіби тәуекелдерді міндетті бағалау, қызметкерлерді тұрақты оқыту және кәсіпорындарды қауіпсіз технологияларды пайдалана отырып жаңғырту жөніндегі шаралар туралы айтты. Вадим Басин лайықты еңбекақымен, әлеуметтік кепілдіктермен және қауіпсіз еңбек жағдайларымен қамтамасыз етілген бір миллион сапалы жұмыс орнын құру – партияның сайлауалды бағдарламасындағы негізгі басымдықтардың бірі екенін жеткізді.

Арман Қалықов жалақының тұрақты өсуі үшін қызметкерлердің біліктілігін арттыруға, кәсіпорындарды технологиялық жаңғыртуға және еңбек өнімділігін арттыруға бір мезгілде инвестиция салу қажет екенін айтты. Асхат Аймағамбетов инженерлік және жұмысшы кадрларды даярлау мәселелеріне тоқталды. Ал Никита Шаталов индустриялық қалаларды кешенді дамыту және олардың тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бастамаларды таныстырды.

«Партия инженерлік желілерді жаңартуға, қолжетімді тұрғын үй салуға, заманауи медицинаны, білім беруді, қоғамдық кеңістіктерді және спорт инфрақұрылымын дамытуға көбірек инвестиция бағыттауды ұсынады. Жас мамандар өз келешегін тек өндіріс орнымен ғана байланыстырмай, кәсіпорыннан тыс өмірде де даму мүмкіндігін көре білуі керек», - деді Никита Шаталов.

Кездесу соңында Республикалық сайлауалды штабтың жетекшісі Айбек Дәдебай Мемлекет басшысы жүргізіп жатқан реформалар отандық өнеркәсіптің дамуына жаңа мүмкіндік ашқанын атап өтті. Оның айтуынша, қазақстандық инвестор келгеннен кейін кәсіпорын жаңғыртудың жаңа кезеңіне өтіп, өндіріс көлемін ұлғайтып келеді әрі біртіндеп отандық металлургия саласындағы көшбасшылардың бірі ретіндегі өз орнын қайта қалпына келтіріп жатыр.

«Әділет» партиясы еңбек ұжымдарымен тұрақты диалогқа ерекше мән береді. Біз адам жетістігінің басты өлшемі – адал әрі жауапты еңбек екеніне сенімдіміз. Сондықтан сайлауалды бағдарламамыз азаматтардың нақты сұранысына сүйене отырып әзірленді. Онда экономиканы, өнеркәсіпті дамытуға және қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған 100-ден астам нақты шешім қамтылған», - деді Айбек Дәдебай.

Партия төрағасының айтуынша, бағдарламаның өнеркәсіпке арналған блогында келісілген өнеркәсіп саясатын жүргізу, шикізатты ел ішінде терең өңдеуді арттыру, ішкі өндірістік тізбектерді дамыту, қосылған құны жоғары заманауи өндірістерді құруды қолдау және бәсекеге қабілетті өнім шығаруды дамыту көзделген. Мемлекеттік қолдау экспорттық әлеуеті жоғары, импортты алмастыруға ықпал ететін және жаңа жұмыс орындарын ашатын жобаларға бағытталуға тиіс.

Кездесу қорытындысы бойынша «Qarmet» АҚ өкілдері «Әділет» атауымен болаттың арнайы партиясын шығаратынын жариялады. Кәсіпорында бұл символдық қадам еңбек адамына деген құрметті, отандық металлургияның сабақтастығын және заманауи, қауіпсіз әрі бәсекеге қабілетті өнеркәсіпті дамытуға деген ұмтылысты білдіретінін атап өтті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар