Құрылтай сайлауы: Жеті партияның өкілдері ұлттық теледебатта өз ұстанымдарын ортаға салды

Құрылтай сайлауы: Жеті партияның өкілдері ұлттық теледебатта өз ұстанымдарын ортаға салды

Қазір Құрылтай сайлауына қатысатын саяси партиялар арасында ұлттық теледебат өтіп жатыр. Дебат барысында жеті саяси партияның өкілдері өз партияларының сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, ел дамуының басым бағыттары бойынша партиялық ұстанымдарын жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бірінші кезеңдегі сөйлеу кезегі жеребе арқылы анықталды. Ол үшін арнайы цифрлық «рандомайзер» жүйесі қолданылды.

«Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Серік Егізбаев теледебатта бірінші болып сөз алды.

«Біз – қарапайым халықтың, ауылдағы ағайынның мүддесін қорғайтын партиямыз. Біз құр уәдемен емес, нақты істермен дәлелдедік. Біз Құрылтайға есептелген, нақты бағдарламамен келіп отырмыз. Ауыл көркейсе, ел де өркендейді. Күшті мемлекет мықты өңірлерден, ең алдымен ауылдан басталады. Ауылды көркейтсек, мықты мемлекет боламыз», – дейді Серік Егізбаев.

Ал «Байтақ» партиясы атынан сөз алған саяси кеңес мүшесі Нұргүл Қадырбаева экология мәселесіне ерекше тоқталып, Арал өңірінің тағдырына алаңдайтынын айтып жеткізді. Сондай-ақ қоршаған ортаны қорғаумен қатар, адам капиталы, рухани құндылықтар мен ұрпақ тәрбиесінің маңызын атап өтті.

«Президентіміз экология мәселесін, климат өзгеруін әлемдік деңгейде тұрақты айтып келеді. Әр азамат Жаңа Қазақстанды құруға ат салысуы керек. Біздің партия да жан тазалығы, ар тазалығы, жүрек тазалығы басты назарда», – дейді Нұргүл Қадырбаева.

Келесі сөз тізгінін алған «Әділет» партиясының өкілі Ренат Бектұров білімді қоғам қуатты мемлекет құра алатынына айрықша тоқталды. 

«Біздің басты ұстанымымыз – білім беру. Кейінгі кезде Мемлекет басшысының реформаларының жемісін көріп отырмыз. Үш жылдың ішінде елімізде жүзден астам сапалы мектеп пен түрлі әлем университеттерінің филиалдары ашылды. Жастарымыз жаһандық олимпиадада мықтылармен иық тірестіріп жүр. Сондықтан білімге жұмсалған әр теңге – еліміздің болашағына салынған инвестиция деп білеміз. Алдағы 5 жылда елімізде мектептерде 300 мың, балабақшаларда 79 мың жаңа оқу орындарын ашамыз деп өзімізге міндет алып отырмыз», – дейді Ренат Бектұров.

Одан кейін сөйлеген Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Тазабек Сәмбетбай жақтастарының ұстанымын ортаға салды.

«Партиямыздың ұраны – өзіміз бақылаймыз, қадағалаймыз. Ел еншісіндегі әрбір тиынды, әрбір бюджеттегі қаржыны үлкен көзәйнекпен жіті қадағалаймыз. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы өз алдына жемқорлықты, кедейлікті, қымбатшылықты, әділетсіздікті жою міндеттемесін алады. Біз аянып қалмаймыз», – деді партия төрағасының орынбасары.

«Ақ жол» демократиялық партиясы саяси кеңесінің мүшесі Олжас Нұралдинов адами капиталды дамытудың маңызын айрықша атап өтті.

«Қазақстан – табиғи ресурсы мол, экономикасы мықты мемлекет. Бірақ біздің еліміздің ең басты байлығы қазба байлық емес, бұл – біздің азаматтар. Сондықтан адами капиталды дамыту мемлекеттік ең басты міндеттердің бірі болуы қажет.

Біз ұсынып отырған өзгерістердің түпкі мақсаты – әр тұрғынның еңбегі бағаланатын, құқығы қорғалатын, болашаққа сеніммен қарайтын мемлекет қалыптастыру», – дейді Олжас Нұралдинов.

«Respublica» партиясының өкілі Екатерина Смолякова партияның басты ұстанымын айқындады.

«Еліміздің ең үлкен байлығы – адамдар. Сол үшін мемлекеттік барлық саясаты адамдардың игілігіне қызмет ету керек. Біз адал еңбек пен кәсіпкерлікті қолдайтын экономиканы ұсынамыз. Біз үшін экономика жай цифр немесе статистика емес, экономика – ол адамның қадір-қасиеті. Әрбір адал еңбек еткен азамат лайықты өмір сүруге тиіс. Кәсіпкер өз кәсібін де, елінде дамытуға мүмкіндік алуға тиіс. Жастардың болашағы таныс, тамырымен емес, өз білімі мен талантымен айқындалуға тиіс», дейді ол.

Ал теледебатқа қатысып жатқан ең жас қатысушы, Қазақстан Халық партиясының өкілі Ислам Сұңқар елімізде адамның болашағы оның еңбегі мен біліміне байланысты екенін баса айтты.

«Жастарға мүмкіндік берсек, біз тұтас Қазақстанның болашағын айқындаймыз. Себебі бүгін қабылданатын шешімдеріміз еліміздің ертеңіне тікелей әсер етеді», – деді ол.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар