Саясаттанушы Бақытжан Бұхарбай әлеуметтік желілерде адам қайғысын пайда көзіне айналдыру үрдісін сынға алды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ол еліміздің мемлекеттілік пен тәуелсіздікті сақтап қалу үшін сан қилы ауыр сынақтардан өткенін тілге тиек етті.
Сондықтан бүгінде қоғамда мәңгілік құрбан ретінде көрсетуді доғаруға тиіс.
«Біз тарихи күресте шыңдалып, барлық жауды жеңіп, тәуелсіздікке қол жеткіздік. Жоңғарлар қазір қайда, ал біз қайдамыз? Бүгінде еліміздің дамуына кедергі болған сыртқы тежеуші факторлардың бәрі жойылды», – дейді Бақытжан Бұхарбай.
Саясаттанушының айтуынша, соған қарамастан кейбір блогерлер мен медиатұлғалар қоғамда қолдан жасалған «қайғы культін» қалыптастырып, басына түскен ауыр жағдайлар мен қайғылы оқиғаларды аудиторияның назарын аударудың құралына айналдырып жүр.
Оның пікірінше, мұндай контент көп жағдайда өзгенің қайғысын қаралым, жазылушы және табыс табудың тәсіліне айналдыратын өзіндік «реалити-шоуға» ұқсайды.
Сарапшы мұндай әрекеттердің этикалық нормаларға қайшы келіп қана қоймай, қоғамның санасына кері әсер ететінін, мұның салдарынан шынайы жанашырлықтың орнын коммерциялық мүдде басып бара жатқанын айрықша атап өтті.
Сонымен қатар ол адам қайғысын контент пен қаржылық пайда үшін пайдалану азаматтардың дүниетанымына теріс ықпал етіп, өзара көмек пен жанашырлық құндылықтарын әлсірететінін де тілге тиек етті. Саясаттанушы мұндай құбылысқа мемлекет деңгейінде қатаң тосқауыл қойылуы қажет деп есептейді.