«Бұрыннан қолға алу керек еді»: Қазақстандықтар треш-стримерлерге қарсы шараларды қолдады

«Бұрыннан қолға алу керек еді»: Қазақстандықтар треш-стримерлерге қарсы шараларды қолдады
Вид

ІІМ-нің заңға қайшы контент таратқан стримерлердің жауапкершілікке тартылғаны туралы мәлімдемесі әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Жаңалықтардың астындағы пікірлер мен ірі пабликтердегі талқылауларға қарағанда, қолданушылардың басым бөлігі қабылданған шараларды қолдап, мұндай жұмыстың тұрақты түрде жүргізілуі қажет екенін айтуда, деп хабарлайды turkystan.kz.

Көпшілік назарды стримерлердің өзінен гөрі, мұндай контенттің балалар мен жасөспірімдерге тигізетін әсеріне аударуда. Пайдаланушылардың пікірінше, балағат сөздер, қауіпті пранктер, қорлау мен әдепсіз әрекеттер жасөспірімдердің күнделікті көретін контентіне айналып барады.

Талқылауларда нақты ұсыныстар да айтылуда. Кейбір желі қолданушылары заң бұзушылық белгілері бар эфирлер мен аккаунттарды өздері анықтап, олардың сілтемелерін құқық қорғау органдарына жолдауға дайын екендерін жазуда. Олардың пікірінше, қоғамның белсенділігі мұндай заңсыз контентті дер кезінде анықтауға және жолын кесуге көмектеседі.

Пікірталастың тағы бір өзекті тақырыбы – балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына қатысты шектеулер. Бірі TikTok-қа белгілі бір жасқа дейін кіруге тыйым салуды ұсынса, енді бірі мұндай талап барлық әлеуметтік желілерге бірдей қолданылуы керек деп есептейді. Көпшілік кәмелетке толмағандардың интернет кеңістігін пайдалануына бақылауды күшейту қажет деген пікірде.

Сонымен қатар, көптеген пікірде заң талаптары көшеде де, әлеуметтік желідегі тікелей эфирде де бірдей сақталуы тиіс екені айтылған. Пайдаланушылардың пікірінше, қаралым мен донат үшін заңды бұзуға немесе қоғамдық тәртіпке қайшы әрекеттер жасауға жол берілмеуі керек. Интернет те заң үстемдігі толық сақталатын орта болуға тиіс.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары