«Байтақ» жасылдар партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Алмаз Жакишев пен Сәуле Қамытбекова сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында Өскемен қаласында бірнеше кездесу өткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Күннің алғашқы жартысында кандидаттар партияның Шығыс Қазақстан облыстық филиалының сенімді өкілдерімен кездесіп, сайлауалды науқанның негізгі міндеттері мен алдағы жұмыс жоспарын талқылады.
Одан кейін Өскемен қалалық әкімдігіне қарасты Жастар ресурстық орталығында белсенді жастармен ашық диалог алаңын өткізді. Кездесуде экология, қоршаған ортаны қорғау және өңірдің тұрақты дамуына қатысты мәселелер сөз болды. Жастар өздерін толғандырған түйткілдерді көтеріп, жауап алды.
Сондай-ақ кандидаттар «Өскемен ГЭС» кәсіпорнынынң еңбек ұжымымен жолығып, «Байтақ» партиясының сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарын таныстырды. Әңгіме барысында экологиялық қауіпсіздік, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, халықтың өмір сүру сапасын арттыру және тұрақты экономикалық даму мәселелеріне ерекше назар аударылды.