Respublica өкілдері Қарағандыда кәсіпкерлер мен еңбек ұжымдарының ұсыныстарын тыңдады

Respublica өкілдері Қарағандыда кәсіпкерлер мен еңбек ұжымдарының ұсыныстарын тыңдады

Республикалық сайлауалды штаб ашылғаннан кейін Respublica командасы алғашқы жұмыс сапарын Қарағанды облысынан бастады. Партия өңірлерді аралауды дәл осы жерден бастап, Қазақстан экономикасын күн сайын алға сүйреп жүрген азаматтардың ұсыныс-пікірлерін тыңдауға кірісті. Кәсіпкерлер, аграршылар, энергетиктер, дәрігерлер мен жастар өзекті мәселелерін ортаға салды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кездесулердің басты тақырыбы – «Respublica: қуатты экономика мен лайықты өмір партиясы» атты сайлауалды бағдарлама болды. Бағдарлама «Әл-ауқаты жоғары азамат – Жауапты қоғам – Тиімді мемлекет – Қауіпсіз ел» қағидатына негізделген.

Жұмыс сапары «Баймырза Агро 2018» және «Нұр СХ» агроөнеркәсіп кәсіпорындарын аралаудан басталды. Фермерлер Қазақстанның селекциялық жетістіктерге құқықтарды қорғауды қамтамасыз ететін UPOV халықаралық жүйесіне қосылу мәселесін тағы да көтерді. Бұл мәселе талқыланып келе жатқанына отыз жылға жуық уақыт өтсе де, түпкілікті шешімін әлі тапқан жоқ.

Сонымен қатар аграршылар партиямен бірлескен жұмыстың нақты нәтижесіне де тоқталды. «Шешімдер фабрикасы» жобасының арқасында картопты тауар биржасы арқылы міндетті түрде өткізу шегі 60 тоннадан 500 тоннаға дейін ұлғайтылып, отандық өндірушілерді миллиондаған теңге шығыннан қорғауға мүмкіндік туғанын атап өтті.

Келесі кездесу «Алып 2008» ЖШС ұжымымен және «Корзина» сауда кешенінің кәсіпкерлерімен өтті. Басқосуда Салық кодексінің жаңа нормалары кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, B2B мәмілелері бойынша шегерімдердің шектелуі мен оның отандық өндірушілердің жұмысына тигізіп отырған әсері сөз болды.

«Біз бұл жерге үгіт жүргізу үшін емес, сіздердің тапсырмаларыңызды алу үшін келдік. Сіздердің жұмыстарыңызға не кедергі? Біз Құрылтайға дәл осы мәселелерді алып барамыз», – деді партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров.

Ең ашық әрі мазмұнды кездесулердің бірі «Қарағанды Жарық» кәсіпорнында өтті. Компания басшылығы кадр тапшылығы, тарифтік саясаттың жетілдіруді қажет ететін тұстары және сала мамандарының еңбекақысының төмендігі туралы айтты. Бас директор Дидар Ахмадиннің сөзінше, қолданыстағы жүйе қайта қаралмаса, энергетика саласындағы білікті мамандар тапшылығы одан әрі ушығуы мүмкін.

 

Партия мүшелерінің саны екі жүзге жуықтайтын «Луч» нейрооңалту орталығында оңалту медицинасын дамыту, салалық мамандар тапшылығы және медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту мәселелері талқыланды.

Кездесу барысында VIII сайланған Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова небәрі алты депутаттан тұратын Respublica фракциясының өзі ондаған маңызды заңнамалық бастаманың қабылдануына ықпал еткенін атап өтті.

«Егер біздің қатарымызда депутаттар көбірек болғанда, көптеген шешім әлдеқайда жылдам қабылданар еді. Сондықтан нақты өзгерістерді қалайтын азаматтардың қолдауы бүгін ерекше маңызды», – деді ол.

Бағдарламаның жеке бір бөлігі жастар мен креативті экономикаға арналды. Respublica Jastary қауымдастығының мүшелері және креативті индустрия өкілдерімен өткен кездесуде стартаптарды дамыту, жасанды интеллектіні енгізу, шығармашылық кәсіпкерлікті қолдау және білімге негізделген заманауи экономиканы қалыптастыру мәселелері талқыланды.

Жұмыс сапары партия жақтастарының, кандидаттардың және Қарағанды облысының тұрғындарының басын қосқан ауқымды форуммен қорытындыланды.

Respublica партиясы өңірлік сапарлар сайлауалды кездесулер топтамасы ғана емес, халықтың нақты сұранысына негізделген заңнамалық күн тәртібін қалыптастырудың маңызды тетігі екенін атап өтті. Қарағанды облысында көтерілген барлық ұсыныс партия тарапынан жан-жақты пысықталады. Ал сайлаушылар сенім мандатын тапсырған жағдайда, Respublica бұл бастамаларды заңнамалық деңгейде іске асыруға бастамашы болады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар