Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауларында қоғамдық орындарда әдеп сақтау мәселесін көтеріп, құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызын атап өтті. Медицина қызметкерлерімен өткен кездесуде Президент "Өркениетті мемлекет құру үшін бірінші кезекте халықтың мәдениеті жоғары болуға тиіс. Мұның бәрі, тағы да атап өткім келеді, қоғамдық орындарда әдеп сақтау, өзін дұрыс ұстау, өзара құрмет көрсету сынды негізгі қағидалардан басталатыны анық. Біз осы құндылықтарды кеңінен дәріптеу арқылы қоғамда жаңа этикалық нормаларды орнықтыруымыз қажет. Бұл – баршамызға ортақ міндет", – деген еді. Осындай маңызды тақырыптарды Н.Жүсіп, Б.Бұхарбай және басқа да мәдениет қайраткерлерінің көтеруі көңіл қуантады. Осы ретте Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Арман Жүдебаев та қоғамдағы әдептілік, мәдениет және өзара сыйластық құндылықтарын сақтаудың маңызына тоқталды.
"Қазақ халқының дүниетанымында ақ пейіл ұғымының орны ерекше. Ақ пейіл – тек адамның таза ниеті ғана емес, өзгеге деген құрметі мен ізетінің күнделікті өмірдегі көрінісі. Ол адамның амандасуынан, сөйлесу мәнерінен, үлкенге көрсеткен құрметі мен кішіге танытқан ізетінен, айналасындағы адамдардың қадір-қасиеті мен жеке кеңістігін сыйлай білуінен аңғарылады. Сондықтан мәдениет музейден де, кітапханадан да бұрын әр адамның мінез-құлқынан басталады деп ойлаймын.
Жылы сөз айту, алғыс білдіру, орын беру, жөн-жоралғыны сақтау – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени құндылықтарының ажырамас бөлігі. Солардың ішінде сәлем беру әдебіне қазақ халқы айрықша мән берген. «Сәлем – сөздің анасы» деген нақылдың өзі осының дәлелі.
Әр халықтың өзіндік сәлемдесу мәдениеті бар. Бұл – жай ғана күнделікті әрекет емес, тұтас ұлттың дүниетанымын, тәрбиесін және адамға деген көзқарасын танытатын мәдени белгі. Қазақ үшін амандасу – ең алдымен құрметтің көрінісі. Қолды жүрек тұсына қойып, «Ассалаумағалейкум!», «Сәлеметсіз бе?» деп ізет білдіру – сыртқы рәсім ғана емес, ұлттық мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. Өкінішке қарай, соңғы жылдары халқымыздың болмысына жат кейбір қарым-қатынас үлгілері белең алып келеді. Әсіресе, бір-бірін жақын танымайтын адамдардың құшақтасып немесе беттен сүйіп амандасуы қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай. Мұндай әрекет қазақы әдеппен де, ұлттық таныммен де толық үйлесе бермейді.
Әдеп – тек сыпайылық емес. Әдеп – адамның шекарасын сезіне білу, өзгенің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу. Амандасу да осы ұстанымнан бастау алуы тиіс. Өйткені әрбір адам – бір әулеттің перзенті, біреудің жары, анасы, әкесі, бауыры. Оған құрметпен қарау – өз мәдениетімізге деген құрмет", – дейді А.Жүдебаев.
Оның пікірінше, мұны өзгеге тыйым салу немесе өзге мәдениетті жоққа шығару деп түсінбеуіміз керек.
"Әр халықтың өзіне тән әдебі бар. Өзгені құрметтеу – өз болмысыңнан бас тарту деген сөз емес. Керісінше, әлемнің байлығы – әр ұлттың өз ерекшелігін сақтай білуінде. Өнер жолында жүріп бір ақиқатты терең түсіндім. Оркестрдегі әрбір аспаптың өз үні бар. Домбыра қобыздың үнін қайталамайды, қобыз сыбызғының орнын баспайды. Әрқайсысы өз табиғаты мен бояуын сақтағанда ғана үйлесімді әуен дүниеге келеді. Егер барлық аспап бір-біріне ұқсауға тырысса, оркестрдің сәні де, сазы да жоғалар еді. Өмірде де дәл солай. Халықтар арасындағы жарасым әркімнің өз мәдени үнін сақтай білуінен басталады. Амандасу әдебі, сөйлеу мәдениеті, үлкенге құрмет, кішіге ізет, адамның жеке кеңістігін сыйлау – мұның бәрі халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан қайталанбас рухани болмысы.
Ұлттың мәдениеті тек үлкен мерекелерде немесе салтанатты жиындарда емес, күнделікті қарапайым қарым-қатынастан көрінеді. Ақ пейілімізді, ізетімізді, амандасу мәдениетімізді және бір-бірімізге деген сыйластығымызды сақтай алсақ, ата-бабамыз аманаттаған рухани мұрамыздың да ғұмыры ұзақ болмақ", – дейді ол.