23 шілдеде сағат 18:01-де «Ауыл» партиясының Республикалық сайлау штабының ресми ашылу рәсімі өтті. Іс-шара партияның сайлауалды үгіт-насихат науқанының басталуына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Республикалық сайлау штабының ашылуына «Ауыл» партиясының Төрағасы, Республикалық сайлау штабының басшысы Қайрат Айтуғанов қатысып, партияның сайлауалды науқанының негізгі басымдықтары мен алдағы жұмыс бағыттарын таныстырды.
«Республикалық қоғамдық штабтың алдында партияның сайлау науқанын тиімді өткізу бойынша маңызды міндеттер тұр. Біздің ортақ мақсатымыз – барлық жұмыс бағытының сапалы ұйымдастырылуын қамтамасыз ету. Алдағы бір ай ішінде еліміздің барлық өңірінде 6 500-ден астам үгіт-насихат іс-шарасы өткізіліп, олармен 2,2 миллионнан астам сайлаушыны қамту жоспарлануда», – деді Қайрат Айтуғанов.
Сондай-ақ ол «Ауыл» партиясының «Гүлденсе ауыл, гүлденеді еліміз!» сайлауалды бағдарламасы жеті басым бағытқа негізделген нақты іс-қимыл жоспары екенін атап өтіп, оның негізгі бағыттарына – әділетті мемлекет, азық-түлік қауіпсіздігі, өңірлік инфрақұрылым, әділетті әлеуметтік саясат, жастарға білім мен мүмкіндік, отбасылық құндылықтар және экологиялық жауапкершілік мәселелеріне тоқталды.
Іс-шараға сондай-ақ Құрылтай депутаттығына кандидаттар, Республикалық, өңірлік сайлау штабтарының жетекшілері мен мүшелері, жастар қанатының өкілдері қатысты.
Республикалық сайлау штабы – алдағы үгіт-насихат жұмыстарының бірыңғай үйлестіру орталығы. Штаб қызметі аясында партияның сайлауалды бағдарламасын халыққа кеңінен таныстыру, өңірлердегі үгіт-насихат іс-шараларын үйлестіру және сайлаушылармен тиімді кері байланысты қамтамасыз ету жұмыстары жүзеге асырылады.