«Байтақ» жасылдар партиясының орталық сайлау штабы ресми түрде жұмысын бастады. Алдағы бір ай бойы команда сайлауалды үгіт-насихат науқанын үйлестіріп, сайлаушылармен байланысты күшейту және өңірлік штабтар жұмысын ұйымдастырумен айналысады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Штабтың ашылу рәсіміне партия төрағасы Азаматхан Әміртаев қатысып, бұл кезең партия үшін үлкен жауапкершілік жүктейтінін айтты.
«Бір айдан кейін елімізде сайлау өтеді. Ресми тұрғыдан бұл – сайлауалды науқанның басталуы. Ал, шын мәнінде, бұл – ұрандардың емес, идеяларымызды халыққа қаншалықты жеткізе алатынымыздың сынға түсетін кезеңі», – деді партия төрағасы.
Оның айтуынша, «Байтақ» – Қазақстандағы жалғыз экологиялық саяси партия. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау мәселесін көтеру – партияның басты міндеттерінің бірі.
«Таза ауа, таза су, таза жер туралы біз айтпасақ, кім айтады? Арал теңізінен айырылдық, енді Каспийдің де тағдыры алаңдатады. Бұл – жасылдар партиясының күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелердің бірі», – деді Азаматхан Әміртаев.
Рәсімнен кейін орталық штабтың алғашқы отырысы өтті. Оған партия басшылығы, штаб мүшелері мен орталық аппарат қызметкерлері қатысты. Өңірлік штабтар жиынға онлайн форматта қосылды.
Кездесу барысында сайлауалды үгіт-насихат науқанының негізгі міндеттері айқындалып, жұмыс кестесі бекіді.
23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына «Байтақ» жасылдар партиясы 47 кандидат ұсынды. Олардың қатарында саясаттанушылар, кәсіпкерлер, заңгерлер, дәрігерлер және өзге де сала өкілдері бар.