ЖСДП Астанада орталық штабын ашты

/
ЖСДП Астанада орталық штабын ашты

Астана қаласында Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) Орталық сайлауалды штабының ресми ашылуы өтіп, партияның сайлауалды үгіт-насихат науқанына салтанатты түрде басталғанын жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс-шараға ЖСДП төрағасы Асхат Рахимжанов, Қазақстан Республикасы Құрылтайына депутаттыққа кандидаттар Максут Насибулов, Ажар Сағандықова, Наурыз Сайлаубай, Нұрлан Жабаев, сондай-ақ партияның өзге де 30-ға жуық жақтастары мен белсенділер және қоғам өкілдері қатысты.

Шара барысында «Прогресс жолдағы 20 белес!» атты сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, Құрылтай депутаттығына ұсынылған кандидаттар көпшілікке таныстырылды. Одан бөлек, өңірлік сайлауалды штабтар желісінің жұмысы ресми түрде іске қосылды.

Орталық штабтың ашылуында сөз сөйлеген ЖСДП төрағасы Асхат Рахимжанов, партияның сайлауалды науқанына ресми түрде басталып кеткенін айтты.

«Бүгін біз жай ғана сайлауалды штабты емес, нағыз саяси күрестің штабын ашып отырмыз! Біздің басты мақсатымыз – бір партияның монополиясын бұзып, саясатта оның шынайы мәнін ашу. Біз Құрылтайға көпшіліктің қатарын толықтыру үшін емес, құрылымның қызметін бақылап, әрбір теңгенің жұмсалуына есептікті талап етуді және еңбек адамын қорғау үшін барамыз. Біз қиялдағы ғажайыптарды уәде етпейміз, біз алдымызға нақты мақсаттар қоямыз. Біздің мақсаттарымыз: ашық бюджет, тәуелсіз сот және ешқандай сыбайластыққа жол бермейтін, баршаға ортақ заң үстемдігі. Біздің кандидаттар сауық құру үшін емес, мемлекеттің әр азаматымен ашық әрі адал пікір алмасуды көздеп отыр. Олар елдің барлық өңірін аралайды, халықпен тікелей қатынас орнатады. Бізді сынайтындар бар, болады да, бірақ біз бұған дайынбыз. ЖСДП Алға!! Алға, Қазақстан!»,-деп ұрандатты.  

Штабтың ашылуы кезінде азаматтармен тікелей байланысудың интерактивті форматтарына ерекше назар аударылды. ЖСДП-дан Құрылтай депутаттығына кандидат ретінде ұсынылған Максут Насибулов сайлауалды науқан аясында еш тоқтаусыз жұмыс істейтін жаңа жобалар турасында айтып берді. «Біз сайлауалды штабымызды мүмкіндігінше ашық әрі қолжетімді етуге, саясаткерлер мен азаматтардың арасындағы кез келген бюрократиялық кедергілерді жоюға тырыстық.

«Осы мақсатта «Ашық пікір кабинасы» жұмысын бастады. Бұл – арнайы бейнекабина. Мұнда әрбір адамға немесе топқа бір минутқа дейін сөз сөйлеу мүмкіндігі беріледі. Мұнда міндетті түрде саясат туралы айту шарт емес. Тіпті кез келген азамат кабинаға кіріп өзінің жақындарына сәлем жолдауына болады. Одан бөлек азамат өміріндегі әсерлі оқиғасын айтып, қуанышымен бөлісуге болады. Немесе көкейіндегі өзін мазалап жүрген кез келген мәселесімен бөлісе алады. Бастысы – адамдар ашық әрі шынауы сөйлеуі керек. Осылайша қазақстандықтар бір-бірінің шынайы өмірімен танысады. Болашақта бұл пікірлер міндетті түрде партияның құзырында болып, болашақ жұмыс кезінде назарға алынбақ»,-деді Насибулов.  

Сонымен қатар ЖСДП сайлау науқаны барысында «Халықпен тікелей байланыс», «Халық телефоны» акциясын да сәтті жүзеге асырып отыр.  Көше бойында «Халықпен тікелей байланыс» деген жазуы бар ретро үлгісіндегі дизайнерлік телефон тұтқасын кез келген азамат көтеруіне мүмкіндігі бар. Телефон тұтқасын көтерген адам арғы жақтан әдеттегі жаттанды партиялық ұрандарды емес, қарапайым қазақстандықтардың шынайы оқиғаларын естиді. Мысалы; Қағазбастылықтан шаршаған дәрігердің, шахтадан жүрген кеншінің, мұғалімнің, студенттің, көпбалалы ананың немесе кәсіпкердің өмірінен сыр шертетін әңгімелер ұсынылады. Одан бөлек әрбір келуші телефон арқылы партияға өз ұсынысын немесе аманатын айтып қалдыра алады.

«Бұл ретро телефон партияның сайлауалды науқанының басты ұстанымы. Оның өзегінде қарапайым адамдар тұр, ал олардың дауысы кабинеттегі құрғақ есептерден әлдеқайда биік естілуі тиіс. Сондай-ақ біз «Болашақ Құрылтайға хат» жобасын іске қостық. Бұл жай ғана сәндік пошта жәшігі емес, халық бастамаларына арналған тікелей байланыс арнасы. Біз қазақстандықтар өз аулаларындағы, өңірлеріндегі немесе белгілі бір саладағы нақты мәселелерді жазып, ұсыныстары мен аманаттарын жолдайды деп сенеміз. Әрбір хат ерекше назарға алынады. Олар мұрағатта шаң басып қалмайды – біз бұл хаттарды Құрылтайға бірге алып барып, алғашқы депутаттық сауалдарымыз бен нақты заң жобаларымыздың негізіне айналдырамыз. Біз министрлер мен әкімдерді халықтың не жазғанын оқуға міндеттейміз», – деп түйіндеді кандидат Максут Насибулов.

ЖСДП-ның Орталық сайлауалды штабы енді азаматтармен күн сайын тұрақты негізде жұмыс жүргізеді. «Ашық пікір кабинасы», «Халық телефоны» және «Болашақ Құрылтайға хат» жобалары арқылы келіп түскен барлық өтініштер мен ұсыныстар жүйеленіп, сайлаушылар аманаттарының бірыңғай республикалық тізіліміне енгізілетін болады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары