24 шілде мен 30 қараша аралығында Медеу – Тұйықсу автожолында қозғалыс уақытша шектеледі, деп хабарлайды turkystan.kz.
Әкімдіктің мәліметінше, бұл инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарына байланысты. Жоспарлы жұмыс Шымбұлақ шатқалында орналасқан нысандардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.
«Осыған байланысты аталған кезеңде Медеу – Тұйықсу автожолында көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі. Бұл шаралар жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, арнайы техниканың кедергісіз жұмыс істеуі және жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау үшін қажет.
Соған қарамастан, Шымбұлақ шатқалындағы туристік нысандар қалыпты режимде жұмысын жалғастырады. Жол төтенше жағдайлар және апаттық қызметтердің көліктеріне, шатқал тұрғындарына, сондай-ақ арнайы техникаға ашық болады», - делінген хабарламада.
Жаяу серуендеушілер үшін шатқал мен туристік нысандарға кіру мүмкіндігі сақталады.
«Балама бағыт ретінде Студенттер соқпағын пайдалану ұсынылады. Бағыт «Медеу» бөгеті жанындағы №12 және №21 автобус бағыттарының соңғы аялдамасынан басталып, бөгеттің төменгі жағымен өтіп, «Горельник» визит орталығына дейін жалғасады.
Топырақты соқпақпен өтетін бағытта еңіс жерлер де бар. Осыған байланысты туристердің ыңғайлы спорттық немесе треккингке арналған аяқ кигені жөн», - делінген хабарламада.
Әкімдік қала тұрғындары мен қонақтарынан сапарын алдын ала жоспарлап, уақытша шектеуді ескеруді, жол белгілерінің талаптарын сақтап, реттеуші қызметкерлердің нұсқауын орындауға шақырды.