СҚО-да ірімшікке қақалған ер адам өлім аузынан аман қалды

/
СҚО-да ірімшікке қақалған ер адам өлім аузынан аман қалды
istockphoto.com

11 шілде күні кешкі уақытта Қызылжар ауданының Бескөл ауылындағы 103 диспетчерлік қызметіне тұншығып қалған 50 жастағы ер адамға қатысты шақырту түсті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға орнына фельдшерлік жедел медициналық жәрдем бригадасы – Айдар Омаров, Павел Кузурман және жүргізуші Бақыт Валеев жедел жетті.

Дәрігерлер келген кезде науқас клиникалық өлім жағдайында болған. ЭКГ мониторында пульссіз электрлік белсенділік тіркеліп, ACLS халықаралық стандартына сәйкес жүрек-өкпе реанимациясы бірден басталды. Науқасқа жүрекке жанама массаж жасалып, өкпеге 30/2 қатынасында жасанды желдету жүргізілді және көктамыр ішіне 1 мг адреналин енгізілді.

Тікелей ларингоскопия кезінде дәрігерлер науқастың тыныс жолынан бөгде зат – чечил ірімшігін анықтап, алып тастады. Осыдан кейін кеңірдек интубациясы жасалды. Реанимациялық шаралар барысында ұйқы артерияларында пульс қайта пайда болғанымен, науқас өздігінен тыныс алмай, есін жимаған.

Одан әрі реанимациядан кейінгі ем жалғастырылды. Тыныс жолдарының өткізгіштігі интубациялық түтік арқылы қамтамасыз етіліп, өкпені Амбу қапшығы арқылы жасанды желдету жалғасты. Гемодинамика тұрақсыз болғандықтан, көктамыр ішіне допамин инфузиясы басталды.

Науқасты ауруханаға жеткізу кезінде оның өздігінен тыныс алуы қалпына келіп, экстубация жасалды. Вазопрессорлық препараттардың әсерімен гемодинамикасы тұрақтанып, есі жеңіл есеңгіреу деңгейіне дейін қалпына келген. Кейін ол Қызылжар аудандық ауруханасына жатқызылды. Қазіргі уақытта оның өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ.

Науқастың өмірін сақтап қалған Айдар Омаров – 2025 жылы Ақтау қаласында өткен Жедел медициналық жәрдем бригадаларының республикалық чемпионатында Солтүстік Қазақстан облысы құрамасының көшбасшысы әрі жүлдегері. Сонымен қатар, ол әріптестерімен кәсіби тәжірибесін белсенді түрде бөлісіп келеді.

Ал Павел Кузурман BLS, ACLS, PALS, PHTLS және NR халықаралық стандарттары бойынша бірнеше мәрте оқудан өтіп, трейсер форматындағы аттестаттаудан сәтті өткен. Жүргізуші Бақыт Валеев те жедел медициналық жәрдем көрсету барысында науқастар мен зардап шеккендерге көмек көрсетуге белсенді қатысады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары