Елімізде тағы екі теміржол вокзалы жаңартылып, пайдалануға берілді

/
Елімізде тағы екі теміржол вокзалы жаңартылып, пайдалануға берілді
Көлік министрлігі

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Осы бағыттағы жоба аясында Павлодар облысындағы Қарасор және Маңғыстау облысындағы Шетпе теміржол вокзалдары қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Павлодар облысындағы Қарасор станциясының теміржол вокзалы толық жаңартылып, қауіпсіздік, жайлылық және қолжетімділік бойынша заманауи талаптарға сәйкестендірілді. 1988 жылы салынған ғимараттың шатыры жөнделіп, қасбеті мен ішкі бөлмелері жаңартылды. Сонымен қатар сумен жабдықтау, кәріз, жылу және электрмен қамту жүйелері толық жаңғыртылып, жолаушылар платформасы мен вокзал маңы абаттандырылды.

Реконструкция барысында жолаушылардың барлық санатына қолайлы жағдай жасауға басымдық берілді. Ғимаратта заманауи желдету және өрт қауіпсіздігі жүйелері орнатылып, пандустар, тактильді бағыттау элементтері және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы күту бөлмесі жабдықталды. Қарасор станциясы арқылы Астана, Павлодар, Көкшетау, Шымкент және Түркістан бағыттарына қатынайтын 4 жолаушылар пойызы жүреді.

Ал Маңғыстау облысында Шетпе теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан кейін салтанатты түрде пайдалануға берілді. Ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдері мен мердігер ұйым қызметкерлері қатысты.

1967 жылы салынған вокзал ғимараты толық жаңартылып, қабырғалары қайта тұрғызылды, шатыры мен қасбеті ауыстырылды, инженерлік желілер жаңартылып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар аумағы 2 100 шаршы метр болатын жаңа жолаушылар платформасы салынып, тактильді жолақтар, навигациялық белгілер және абаттандыру элементтері орнатылды.

Жоба нәтижесінде Шетпе вокзалының жалпы ауданы 201 шаршы метрден 1 103 шаршы метрге дейін ұлғайып, тәуліктік өткізу қабілеті 100 жолаушыдан 200 жолаушыға дейін артты. Вокзал қауіпсіздік, энергия тиімділігі және кедергісіз орта талаптарына толық сәйкес келеді. Шетпе станциясы арқылы Семей, Қарағанды, Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау және Орал бағыттарына қатынайтын 16 жолаушылар пойызы өтеді.

Жаңғырту жұмыстары жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға, күту жағдайларын жақсартуға және өңір тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары