Жетісу облысында Қаратал өзенінен заңсыз құм өндіргендер жауапқа тартылды

/
Жетісу облысында Қаратал өзенінен заңсыз құм өндіргендер жауапқа тартылды
istockphoto.com

Жетісу облысының прокуратурасы өңірдің табиғи ресурстарын қорғау және көлеңкелі жер қойнауын пайдалану фактілерінің жолын кесу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мемлекеттік мүддеге нұқсан келтіретін заң бұзушылықтардың алдын алу прокуратура органдары қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жетісу облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы жүргізген рейдтік іс-шаралар барысында «Қаратал» өзенінің арнасынан құм-қиыршық тас қоспасын заңсыз өндіру фактісі анықталды. Серіктестік экологиялық және жер заңнамасы талаптарын елемей, заңсыз өндіру жұмыстарын ұйымдастырған. Прокуратураның үйлестіруімен уәкілетті орган тарапынан әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалып, сот қарауына жолданды.

Бұл ретте бірінші сатыдағы сот құқық бұзушыға бастапқыда жасалған құқықбұзушылықтың сипаты мен салдарына сәйкес келмейтін ең төменгі мөлшердегі жаза тағайындаған.

Прокуратураның өтінішхаты бойынша апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен кінәлі тұлғаның әрекеттері Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 139-бабының 2-бөлігі бойынша сараланды. Кінәлі тұлғаға айыппұл түріндегі әкімшілік жаза тағайындалып, заңсыз өндірілген табиғи ресурстарды тасымалдауға пайдаланылған жүк автокөлігі мемлекет кірісіне тәркіленді.

Жетісу облысының прокуратурасы табиғатты қорғау заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ құқық бұзушылық жасаған тұлғаларды заңда көзделген жауапкершілікке тарту бойынша жұмысты жалғастырады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары