Денсаулық сақтау ресурстарын басқарудың бірыңғай платформасы іске қосылды

/
Денсаулық сақтау ресурстарын басқарудың бірыңғай платформасы іске қосылды
istockphoto.com

Денсаулық сақтау министрлігі алғаш рет денсаулық сақтау ресурстарын басқарудың бірыңғай цифрлық платформасын енгізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл – медициналық ұйымдар, медицина қызметкерлері, медициналық техника, инфрақұрылым және саланың өзге де ресурстары туралы мәліметтерді бір цифрлық кеңістікте біріктіретін Зияткерлік денсаулық сақтау платформасы (Health Intelligence Platform).

Платформаны құру Мемлекет басшысының денсаулық сақтау жүйесін цифрлық трансформациялау жөніндегі тапсырмаларын іске асырудағы маңызды қадам болды.

ЗДП іске қосылғанға дейін сала ресурстары туралы ақпарат түрлі ақпараттық жүйелерде сақталды. Бұл деректердің қайталануына, жағдайды талдаудың күрделенуіне және басқарушылық шешімдерді қабылдау үдерісінің баяулауына алып келді. Енді барлық негізгі мәліметтер бірыңғай жүйеде шоғырландырылып, ел бойынша жағдайды нақты уақыт режиміне барынша жақын форматта объективті бағалауға мүмкіндік береді.

ЖАҢА ПЛАТФОРМА НЕ БЕРЕДІ?

Жаңа платформа Денсаулық сақтау министрлігі мен өңірлерге денсаулық сақтау жүйесінің жай-күйі туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік береді: қанша медициналық ұйым жұмыс істейді, олардың дәрігерлермен, орта медицина қызметкерлерімен, медициналық техникамен және инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі қандай.

Іс жүзінде әрбір медициналық ұйымның лицензиялары, кадрлық құрамы, жабдықтары, ғимараттары, бөлімшелері, төсек-орын қоры және басқа да қажетті мәліметтері қамтылған бірыңғай «цифрлық паспорты» қалыптастырылады. Медициналық техниканы басқаруға ерекше назар аударылған. Жүйе жабдықтың сатып алынған сәтінен бастап техникалық қызмет көрсету, жөндеу және тозу деңгейіне дейінгі бүкіл өмірлік циклін қадағалайды. Бұл жабдықтарды уақтылы жаңартуға және мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Бүгінде жүйеде денсаулық сақтау саласының негізгі цифрлық тізілімдері мен сервистері іске асырылған:

* Медициналық ұйымдар тізілімі – медициналық ұйымның цифрлық паспорты, лицензиялары, ғимараттары, құрылымдық бөлімшелері, кабинеттері, палаталары, төсегі және көлігі;

* Кадрлық ресурстар тізілімі – штаттық кесте, қызметкерлер, еңбек қатынастары, мамандардың сертификаттары, білімі, кәсіптік тіркелімі, студенттер, резиденттер және магистранттар туралы мәліметтер;

* Медициналық техника тізілімі – жабдықтың толық өмірлік циклі: есепке алу, техникалық қызмет көрсету, жөндеу, қалдық құны, тозу деңгейі және есепке алу жүйелерімен интеграция.

АРТЫҚ БЮРОКРАТИЯСЫЗ САПАНЫ БАҚЫЛАУ

Ең маңызды жаңашылдықтардың бірі – медициналық көмектің сапасына цифрлық постлицензиялық бақылаудың енгізілуі. Енді Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің мамандары көптеген көшпелі тексерулер жүргізбей-ақ медициналық ұйымдардың қызметін қашықтан бағалай алады.

Жүйе автоматты түрде мынадай негізгі көрсеткіштерді талдайды:

* лицензиялық талаптарға сәйкестігі;

* мамандардың қолданыстағы сертификаттарының болуы;

* кадрлармен және медициналық техникамен қамтамасыз етілуі. Мұндай тәсіл қауіптерді уақтылы анықтауға, бұзушылықтардың алдын алуға және медициналық ұйымдарға анықталған кемшіліктерді жедел жоюға мүмкіндік береді.

Барлық ұсынымдар автоматты түрде цифрлық жүйеге жіберіліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауда болады.

ЗДП ЕНГІЗУДІҢ АЛҒАШҚЫ НӘТИЖЕЛЕРІ

 Жүйені цифрлық постлицензиялық бақылау шеңберінде пилоттық іске асыру барысында лицензиялық талаптарға сәйкес келмейтін 38 медициналық ұйым анықталды. Сонымен қатар автоматты мониторингтің арқасында жарамдылық мерзімі өткен сертификаттары бар медицина қызметкерлерінің саны шамамен үштен бірге қысқарып, 3 637-ден 2 448 маманға дейін азайды. Бұл пациенттерге белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келетін мамандардың медициналық көмек көрсетуіне ықпал етеді. Платформаның басты артықшылықтарының бірі – мемлекеттік ақпараттық жүйелермен терең интеграциялануы.

Жаңа ЗДП мемлекеттік деректер қорларынан, электрондық лицензиялау жүйесінен, білім беру тізілімдерінен, еңбек шарттарының бірыңғай жүйесінен, жылжымайтын мүлік базаларынан, медициналық ақпараттық жүйелерден және басқа да цифрлық сервистерден қажетті мәліметтерді автоматты түрде алады.

Осының нәтижесінде ақпаратты қолмен енгізу көлемі едәуір қысқарып, деректердің қайталануы жойылады және олардың нақтылығы артады.

ЗДП САЛАНЫ БАСҚАРУДЫҢ ТАЛДАУЛЫҚ НЕГІЗІНЕ АЙНАЛАДЫ

Платформа сондай-ақ денсаулық сақтау нысандарының цифрлық картасын, талдамалық панельдерді, жоғары технологиялық медициналық көмекті басқару құралдарын, пациенттерді қолдау сервистерін және медициналық көмектің сапасына тәуелсіз сараптама жүргізу тетіктерін қамтиды.

Нәтижесінде Денсаулық сақтау министрлігі әрбір өңірдегі жағдайды жедел талдауға, медицина кадрларына деген қажеттілікті болжауға, медициналық техниканы сатып алуды жоспарлауға және объективті деректер негізінде басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік алады.

Денсаулық сақтау ресурстарын басқарудың орталықтандырылған цифрлық платформасын енгізу бүкіл сала үшін бірыңғай ақпараттық кеңістік қалыптастырады. Жүйені енгізу басқарудың ашықтығын арттыруға, мемлекеттік қаражатты пайдалану тиімділігін көтеруге, заманауи талдауды дамытуға және сенімді деректерге негізделген басқарушылық шешімдер қабылдауға берік негіз қалыптастыруға ықпал етеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары