ҚазАвтоЖол ауыр жүк көлігі жүргізушілеріне ескерту жасады

/
ҚазАвтоЖол ауыр жүк көлігі жүргізушілеріне ескерту жасады
istockphoto.com

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жүк тасымалдаушылар мен ауыр жүк көліктерінің иелеріне республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарында жаз мезгілінде қолданылатын уақытша қозғалыс шектеулерін еске салады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Шектеулер дара оське түсетін жүктемесі 8 тоннадан асатын автокөлік құралдарына қатысты қолданылады және тек ауа температурасы +25 C-тан жоғары болған кезде, әр өңір үшін белгіленген уақыт аралығында ғана күшіне енеді. Яғни, бұл жүк көліктерінің қозғалысына толық тыйым салу емес, ауыр жүк көліктерінің қозғалысын маусымдық реттеу шарасы.

Бұл талаптардың негізгі мақсаты – аптап ыстық кезеңінде жол жабынын сақтау. Жоғары температураның әсерінен асфальтбетон қызады және ауыр жүктемеге сезімтал бола түседі. Осындай жағдайда ауыр жүк көліктерінің қозғалысы жолда іздердің (ойықтардың), толқын тәрізді деформациялардың және басқа да мерзімінен бұрын пайда болатын ақаулардың қалыптасуына себеп болуы мүмкін.

Шектеулердің қолданылу мерзімі

1 маусымнан 15 тамызға дейін, сағат 11:00-ден 21:00-ге дейін, ауа температурасы +25 C-тан жоғары болған жағдайда мына өңірлерде шектеулер қолданылады:

Абай, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары.

1 маусымнан 31 тамызға дейін, сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін, ауа температурасы +25 C-тан жоғары болған жағдайда шектеулер мына өңірлерде қолданылады:

Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстары, сондай-ақ Жетісу және Ұлытау облыстары.

Көрсетілген уақыттан тыс кезеңде, сондай-ақ ауа температурасы +25 C және одан төмен болған жағдайда көлік қозғалысы белгіленген салмақтық және габариттік талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, А-1 «Астана – Петропавл (Көкшетау арқылы)» автомобиль жолының 68–196 шақырым аралығында ерекше талаптар белгіленген. Бұл учаскеде қиыршықтасты-мастикалық асфальтбетон жабыны қолданылғандықтан, жаз мезгілінде ауа температурасы +25 C-тан жоғары болған кезде дара оське түсетін жүктемесі 9 тоннадан асатын көлік құралдарының қозғалысына шектеу қойылады.

Бұдан бөлек, қолданыстағы нормативтерде қосарланған, үштік және өзге де ось топтарына түсетін шекті жүктемелер белгіленген. Маусымдық шектеулер кезеңінде көлік құралының рұқсат етілетін жалпы массасы белгіленген нормалардан 20 пайызға төмендетіледі.

Шектеулер қолданылмайтын көлік құралдары

Жазғы шектеулер төмендегі көлік құралдарына қолданылмайды:

- халықаралық шарттарға сәйкес халықаралық жүк және жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын көлік құралдарына;

- төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою жұмыстарына тартылған көлік құралдарына;

- тез бұзылатын азық-түлік өнімдерін тасымалдайтын көлік құралдарына;

- жолаушылар мен жүк тасымалын жүзеге асыратын көлік құралдарына;

- қауіпті жүктерді тасымалдайтын көлік құралдарына;

- қайта жаңарту жүргізу үшін мердігер ұйымдарға берілген жол учаскелеріндегі жол-құрылыс жұмыстарына тартылған техникаға;

- Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға тиесілі, сондай-ақ әскери тасымалдарды жүзеге асыратын көлік құралдарына;

- зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жеткізетін көлік құралдарына.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ тасымалдаушыларды жол жүру бағыты мен уақытын алдын ала жоспарлауға, ауа райы болжамын ескеруге, осьтерге түсетін жүктемені бақылауға және белгіленген салмақтық параметрлердің сақталуын қамтамасыз етуге шақырады.

Маусымдық талаптарды сақтау жол жабынының мерзімінен бұрын бұзылу қаупін азайтып, республикалық автомобиль жолдарының қалыпты пайдалану жағдайын сақтауға және барлық жол қозғалысына қатысушылар үшін қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жай-күйі мен қолданыстағы шектеулер туралы ақпаратты тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 байланыс орталығы арқылы алуға болады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары