Оралда Ұлттық ұланның болашақ офицерлері өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр

/
Оралда Ұлттық ұланның болашақ офицерлері өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр
Ұлттық ұлан

Оралдағы 5517 әскери бөлімде Ұлттық ұланның Петропавлдағы Әскери академиясының 3-курс курсанттары өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Болашақ офицерлер үшін бұл – аудиторияда алған теориялық білімді әскери бөлімнің күнделікті қызметімен ұштастыратын маңызды кезең.

Бүгінде әскери бөлімде 12 курсант тәжірибеден өтуде. Олар үш жыл бойы меңгерген әскери білімдерін іс жүзінде шыңдап, жауынгерлік даярлық сабақтарын ұйымдастыру, жеке құраммен жұмыс жүргізу, әскери құжаттарды рәсімдеу және бөлімнің қызметін ұйымдастырудың қыр-сырын меңгеріп жатыр. Сонымен қатар жас сарбаздармен оқу-жаттығу сабақтарын өткізіп, болашақ офицерге қажетті басқарушылық дағдыларын жетілдіруде.

Курсанттар әртүрлі әскери мамандықтар бойынша білім алуда. Олардың қатарында инженерлік қамтамасыз ету, байланыс және тылдық қамтамасыз ету бағытында оқып жүрген болашақ офицерлер де бар. Практика барысында әрқайсысы өз мамандығына сәйкес әскери бөлімнің қызметіне араласып, нақты міндеттерді орындау арқылы кәсіби тәжірибе жинақтап жатыр.

Практикаға қатысушылардың бірі, Әскери академияның 3-оқу батальонының курсанты Артур Шалқарұлы, тәжірибенің маңыздылығына тоқталды.

– Әскери академияда алған білімімізді нақты әскери бөлім жағдайында тәжірибемен ұштастыру – болашақ офицер үшін үлкен мектеп. Мұнда біз жеке құраммен жұмыс істеуді, қойылған тапсырмаларды орындау мақсатында дұрыс шешім қабылдауды үйренудеміз. Осындай тәжірибе бізді ертеңгі офицерлік қызметке жан-жақты дайындайды, – деді курсант.

Курсанттардың өндірістік тәжірибесі 31 шілдеге дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде олар әскери қызметтің барлық негізгі бағыттарымен танысып, өздерінің теориялық даярлығын тәжірибемен бекітеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары