Ұлытау облысында қоғамдық тәртіпті сақтау, елдімекендердің тазалығы мен абаттандырылуын қамтамасыз ету бағытындағы профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жыл басынан бері полиция қызметкерлері абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ елдімекендердің инфрақұрылымына, жасыл желектерге және ортақ пайдаланылатын орындарға ұқыпсыз қарау фактілері бойынша 2 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Сонымен қатар көшелерді, саябақтарды, аулаларды және басқа да ортақ пайдаланылатын орындарды ластауға байланысты 100-ден астам құқық бұзушылық тіркелді.
Аталған фактілер бойынша құқық бұзушыларға заңнама талаптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылды.
Полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда тазалық пен тәртіпті сақтау бағытындағы рейдтік және түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде жалғастыруда. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қолайлы орта құру.
Полиция тұрғындарды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға, қоғамдық орындарды ластамауға, абаттандыру қағидаларын сақтауға және әрбір құқық бұзушылықтың заң алдында жауапкершілікке әкелетінін естен шығармауға шақырады.
Еске сала кетейік, «Таза Қазақстан» — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды республикалық экологиялық акция. Жоба қоршаған ортаны қорғауға, тазалықты сақтауға және ұлттық экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.