Шымкент әуежайында Түркиядан заңсыз әкелінген діни әдебиеттер тәркіленді

/
Шымкент әуежайында Түркиядан заңсыз әкелінген діни әдебиеттер тәркіленді
Polisia.kz

Шымкент халықаралық әуежайында көліктегі полиция бөлімшесінің қызметкерлері діни әдебиетті заңсыз әкелу фактісінің жолын кесті. Бұл туралы көліктегі ПД бастығының бірінші орынбасары Теміржан Рамазанов мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оның айтуынша, Ытамбұл – Шымкент бағытындағы әуе рейсі ұшып келгеннен кейін жолаушыларды тексеру барысында көлік полицейлері Түркістан облысының 47 жастағы тұрғынын анықтаған. Азаматтан Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұза отырып әкелінген 25 діни мазмұндағы әдебиет табылып, тәркіленді.

– Аталған дерек бойынша ер адам діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де материалдарды белгіленген тәртіпті бұза отырып әкелгені үшін жауапкершілікке тартылды, – деді Теміржан Рамазанов.

Еске сала кетейік, Қазақстанның "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" Заңына сәйкес, жеке пайдалануға арналған әр атаудың бір данасын қоспағанда, діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге тек тіркелген діни бірлестіктерге, дінтану сараптамасының оң қорытындысы болған жағдайда ғана рұқсат етіледі.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары