Алматыда дәрігерлер шала туған нәрестенің өмірін сақтап қалды

/
Алматыда дәрігерлер шала туған нәрестенің өмірін сақтап қалды
Денсаулық сақтау министрлігі

Тайландта (Пхукет) шала туған нәресте Денсаулық сақтау министрлігінің Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында (ПБХҒО) екі ай бойы өмірі үшін күрестен кейін бүгін жағдайы жақсарып, мамандардың бақылауымен оңалтуды жалғастыру үшін үйіне шығарылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кішкентай Әлиев Аслан 1 ай 18 күндік кезінде санитариялық авиация ұшағымен Алматы қаласына ауыр асқынулармен және дене салмағының өте төмен болуына байланысты жеткізілді. Ол бірден ПБХҒО-ның жаңа туған нәрестелердің анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне жатқызылды. Қазақстандық дәрігерлер екі айдан астам уақыт бойы оның өмірін сақтап қалу үшін күресті.

Қарқынды терапия барысында Орталық мамандары нәрестенің өміріне қауіп төндіретін жасырын ішек перфорациясын дер кезінде анықтады. Дәрігерлер консилиумының қорытындысы бойынша шұғыл хирургиялық араласу жүргізу туралы шешім қабылданды. Балалар хирургтері патологияны сәтті жойып, нәрестенің өмірін сақтап қалған операция жасады.

Операциядан кейінгі кезеңде сәби неонатологтер, анестезиолог-реаниматологтер, балалар хирургтері, мейіргерлік қызмет мамандары және басқа да медицина қызметкерлерінен құралған мультидисциплинарлық топтың тәулік бойы бақылауында болды.

Кешенді емнің, заманауи технологиялардың және медицина қызметкерлерінің жоғары кәсіби біліктілігінің арқасында баланың жағдайын тұрақтандыру мүмкін болды.

Емдеу барысында Асланның салмағы 1200 грамға артты. Бүгінде оның дене салмағы 2500 грамды құрайды. Нәресте оттегі қолдауынсыз өздігінен тыныс алады, табиғи жолмен қоректенеді, ішек қызметі қалпына келуде. Бұл оған мамандардың бақылауымен емдеу мен оңалтудың келесі кезеңін үй жағдайында жалғастыруға мүмкіндік береді.

«Емдеудің әр кезеңі мұқият клиникалық шешімдер қабылдауды және бүкіл команданың барынша жұмылдырылуын талап етті. Уақтылы ұйымдастырылған медициналық эвакуацияның, жедел диагностиканың, шұғыл хирургиялық араласудың және мамандардың кәсіби біліктілігінің арқасында баланың өмірін сақтап қала алдық. Сондай-ақ сәбидің отбасы қымбат тұратын медициналық көмектің толық көлемін мемлекет есебінен тегін алғанын ерекше атап өткім келеді», – деді Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басшысы Абай Құсайынов

Қазақстан Орталық Азиядағы санитариялық авиация ұлттық шұғыл медициналық көмек жүйесіне толыққанды кіріктірілген жалғыз мемлекет болып қала береді. Ол пациенттерді эвакуациялаумен қатар, мамандандырылған дәрігерлік бригадалардың өңірлерге шығуын, күрделі медициналық араласуларды жергілікті жерде жүргізуді және пациенттердің өңіраралық маршрутталуын қамтамасыз етеді.

Денсаулық сақтау министрлігі кішкентай пациенттің өмірін сақтап қалған неонатолог дәрігерлерге, анестезиолог-реаниматологтерге, балалар хирургтеріне, мейіргерлерге, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының бүкіл ұжымына және санитариялық авиация мамандарына шынайы алғысын білдіреді. Министрлік Асланға зор денсаулық, тез сауығып, сәтті оңалып кетуін тілейді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары