Жәнібек Әлімханұлы жаңа салмақ дәрежесіне ауыспақ

/
Жәнібек Әлімханұлы жаңа салмақ дәрежесіне ауыспақ
жеке парақшасынан

Қазақстандық кәсіпқой боксшы, WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы әлеуметтік желіде мәлімдеме жасап, екінші орта салмақ дәрежесіне ауысатынын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұған дейін The Ring басылымы Жәнібек Әлімханұлының орта салмақтағы WBO чемпиондық белбеуінен бас тартып, екінші орта салмаққа (76,2 келіге дейін) ауысатынын жазған болатын. Кейін бұл ақпаратты қазақстандық боксшының өзі де растады.

Жәнібек орта салмақтағы жетістіктерін қорытындылап, бұл дивизионда Қазақстан боксының атын әлемге танытқанын айтты.

«Орта салмақты біраз шулатып, екі бірдей әлем чемпионы титулын иелендік! Qazaq style-ды осы салмақта әлемдік аренаға алып шықтық. Орта салмақ боксшыларының түнгі қорқынышы атандық. Талай қызықтар мен қиындықтарды, қуаныштар мен сәтсіздіктерді де осы салмақта бастан өткердік. Осы салмақта әнұранымызды шырқатып, көк туымызды желбіреттік! Жанкүйерлерге есте кетпес өнер көрсетіп, жарқын нокауттар сыйладық!» – деп жазды ол.

Боксшы енді мансабын екінші орта салмақта жалғастырып, бұл дивизиондағы атақты қарсыластармен кездесуге дайын екенін жеткізді.

«Енді осы ісімізді суперорта салмақта жалғастырамыз! Осы салмақта біраз атақты боксшылар бар. Менің салмағымда болғандар қазір осы суперорта салмақта өнер көрсетіп, чемпион атануда. Соларды біраз қинайық. Бұл шешімді Америкадағы командамызбен, промоутер және менеджермен ақылдаса отырып, мақсат қоя қабылдадық», – деді Әлімханұлы.

Сондай-ақ қазақстандық былғары қолғап шебері бірнеше салмақта чемпион атануды мақсат етіп отырғанын жасырмады.

«Бұрыннан айтып жүргеніміздей, біз 3–4 салмақтың чемпионы боламыз, бұйыртса! Ал, жанкүйерлер! Суперорта салмаққа қош келдік!» – деп түйіндеді ол.

Осылайша, Жәнібек Әлімханұлы жаңа салмақ дәрежесіндегі мансабын бастап, әлемнің үздік боксшыларымен кездесуге ниетті екенін мәлімдеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары