Ұлттық ұланның 6654 әскери бөлімінің әскери қызметкері, капитан Қымбат Ахметова 16–19 шілде аралығында Алматыда өткен контакт джиу-джитсудан Азия чемпионы атанды, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Бұл айтулы жетістік – спортшының табанды еңбегі, жоғары кәсіби дайындығы, қайсар мінезі мен жеңіске деген жігерінің нәтижесі. Халықаралық деңгейдегі додада еліміздің абыройын асқақтатып, көк Туымызды биікте желбірету – әрбір спортшы үшін үлкен мәртебе.
Капитан Қымбат Ахметованың жеңісі – тек жеке жетістік қана емес, сонымен қатар Ұлттық ұланның 6654 әскери бөлімінің және Қазақстанның мерейін үстем еткен зор мақтаныш. Бұл жеңіс әскери қызметкерлердің әскери дайындықпен қатар, спорт саласында да жоғары нәтижелерге қол жеткізе алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ұлттық ұлан әскери қызметкерлері әрдайым тәртіптің, төзімділіктің және отансүйгіштіктің үлгісін көрсетіп келеді. Капитан Қымбат Ахметованың жеңісі жас әскери қызметкерлерге жігер беріп, салауатты өмір салтын насихаттауға және спортпен тұрақты айналысуға үндейтін жарқын үлгі болады.
Ұлттық ұланның 6654 әскери бөлімінің жеке құрамы капитан Қымбат Ахметованы Азия чемпионатындағы тарихи жеңісімен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, сарқылмас күш-қуат, қызметінде толағай табыстар мен халықаралық ареналарда жаңа биіктерді бағындыруына тілектестік білдіреді», – делінген Ұлттық ұлан баспасөз қызметінің хабарламасында.