7,5 млрд теңге айналымы бар «Nomad Poker» онлайн-казиносы әшкереленді

/
7,5 млрд теңге айналымы бар «Nomad Poker» онлайн-казиносы әшкереленді
istockphoto.com

Қаржы мониторинг агенттігі ел аумағында жұмыс істеген ірі «Nomad Poker» атты онлайн-казиноның заңсыз қызметін тоқтатты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тергеу барысында «Club GG Poker» мобильді платформасы негізінде құрылған «Nomad Poker» онлайн-казиносының қызметін Қазақстан азаматтары Грузия аумағынан жүргізіп отырғаны анықталды.

Мұндай схема ұйымдастырушылардың жеке басын жасыруға, ақша ағындарын бақылауды қиындатуға және заңсыз қызметті жүргізу үшін шетел азаматтарының атына рәсімделген банк шоттары мен байланыс құралдарын пайдалануға мүмкіндік берген.

Заңсыз ойын платформасы тәулік бойы жұмыс істеп, қатысушыларға онлайн-покер форматында ақша тігіп, ұтысты қолма-қол ақшаға айналдыру мүмкіндігін ұсынған.

Жаңа қатысушыларды тарту мақсатында ұйымдастырушылар әлеуметтік желілерді, мессенджерлерді және жарнама құралдарын пайдаланған.

Нәтижесінде онлайн-казино қызметіне 20 мыңнан астам пайдаланушы тартылған.

Сонымен қатар ұйымдастырушылар үшінші тұлғалардың банк шоттарын, яғни «дропперлердің» шоттарын пайдаланудың тармақталған жүйесін құрған.

Осы мақсатта күдіктілер Қазақстанға шетел азаматтарының ұйымдасқан түрде келуін қамтамасыз етіп, олардың атына 400 АҚШ долларына дейінгі сыйақы үшін банк карталары мен мобильді банкинг рәсімдеген.

Тергеу барысында онлайн-казино қызметін қамтамасыз ету үшін 60-тан астам дроп-шот пайдаланылғаны анықталды. Ойыншылардан түскен қаражат көлемі 7,5 млрд теңгеден асты.

Сот санкциясымен Алматы қаласындағы пәтерге, үш автокөлікке, сондай-ақ дропперлердің банк шоттарындағы 158 млн теңге көлеміндегі ақша қаражатына тыйым салынды.

Тергеу жалғасуда.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары