Индонезия астанасы Джакартада 19 және 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында өткен бокстан Азия чемпионатының финалдық бәсекелері аяқталды. Жарыстың соңғы күнінде Қазақстан құрамасының боксшылары бес алтын медаль иеленді, деп хабарлайды turkystan.kz.
19 жасқа дейінгі спортшылар арасында қазақстандық боксшылар екі финалда жеңіске жетті.
70 келіге дейінгі салмақта Бейбарыс Әшірбай жапониялық Кунимитцу Хонжоны айқын басымдықпен жеңді. Жекпе-жек қорытындысында төрешілер бірауыздан 5:0 есебін тіркеді.
90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Владислав Саможонов Өзбекстан өкілі Ислам Салиховпен кездесті. Тартысты өткен финалда қазақстандық боксшы төрешілердің бөлек шешімімен 3:2 есебінде жеңіске жетті.
Осы жас санатында Әділ Асқанбай 50 келіге дейінгі салмақта күміс медаль алды. Сондай-ақ Ақжүрек Қалабай 65 келіге дейінгі, Тимур Тайбеков 80 келіге дейінгі, Руслан Ахметов 85 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
23 жасқа дейінгі спортшылар бәсекесінде Қазақстан құрамасы тағы үш алтын медаль жеңіп алды.
75 келіге дейінгі салмақта Аман Қонысбек Қырғызстан боксшысы Алмаз Орозбековті 4:1 есебімен жеңіп, Азия чемпионы атанды.
Темірлан Мұқатаев финалда өзбекстандық Норбек Абдуллаевтан 4:1 есебімен басым түсті. Ал Ибрагим Бетаев Өзбекстанның тағы бір өкілі Самир Собировты төрешілердің бөлек шешімімен 3:2 есебінде жеңді.
23 жасқа дейінгі санатта Бексұлтан Боранбек 55 келіге дейінгі, Нұрасыл Төлебек 60 келіге дейінгі, Нұрбек Мұрсал 70 келіге дейінгі және Өнер Сейілхан 80 келіге дейінгі салмақта күміс жүлдеге ие болды.
Осылайша, Қазақстанның ерлер құрамасы Азия чемпионатында барлығы 13 медаль жеңіп алды. Оның бесеуі – алтын, сегізі – күміс.