Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөзде мәдени-гуманитарлық байланыс жылдан жылға нығайып келе жатқанына тоқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
– Былтыр Қазақстанға 1 миллионнан астам Қытай азаматы сапарлап келді. Екі ел астаналарында мәдени орталықтар ашылды. Елімізде Лу Бань шеберханалары табысты жұмыс істеуде. Бұл – қос халықтың арасында қалыптасқан достық пен өзара сенімнің тағы бір айғағы, – деді Президент.
Мемлекет басшысы халықаралық аренадағы ықпалдастықтың жоғары деңгейіне назар аударды.
Екі мемлекеттің жаһандық орнықты даму және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне қатысты ұстанымдары – ортақ. Атап айтқанда, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, «Орталық Азия – Қытай» форматы аясында тиімді байланыстар орнаған.