Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты Бородулиха филиалының Камышенка орманшылығының 57-орамында орман алқабы жанып жатыр. Өртті сөндіруге ТЖМ, ЭТРМ, ІІМ, ҚМ, ДМ, ҰҚК және Абай облысы әкімдігінің күштері мен құралдары жұмылдырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ТЖМ қызметкерлері Ішкі істер министрлігі және Абай облысының әкімдігімен бірлесіп «DosBolLike» балалар лагерінің тәрбиеленушілері мен қызметкерлерін алдын ала эвакуациялады. Семейге барлығы 220 адам жеткізілді. Оның ішінде 190 бала мен лагерьдің 30 қызметкері бар.
Барлық іс-шараны үйлестіру үшін ТЖМ Жедел басқару орталығының базасында жедел штаб құрылды. Оның жұмысына барлық жұмылдырылған мемлекеттік органдардың өкілдері қатысуда. Үйлесімді өзара іс-қимылдың арқасында жедел шешімдер қабылданып, жерүсті және авиациялық күштердің жұмысы үйлестіріліп, өртке қарсы іс-шаралар кешені жүргізілуде.
Авиация күшімен өрт ошақтарына жалпы көлемі 89 тонна суды құрайтын 81 рет су төгу жүзеге асырылды. Өрт орнына Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарынан және Астана қаласынан ТЖМ бөлімшелері, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының, «Ертіс орманы» орман шаруашылығының күштері және ТЖМ әскери бөлімінің жеке құрамы жіберілді. Алдын ала бағалау бойынша өрттің аумағы шамамен 60 гектар болды.
Полиция қауіпті аумақты қоршауға алып, өрт орнына баратын жолдарды жапты. Өрт сөндіру, инженерлік және басқа да арнайы техниканың кедергісіз қозғалысы қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар қоғамдық тәртіп сақталып, тұрғындар қалдырған мүлікті күзету шаралары қабылдануда.
Жағдай ТЖМ Жедел штабының толық бақылауында.