«Таза Қазақстан»: Астанадағы саябақтар мен гүлзарларда тазалықты бақылау күшейтілді

/
«Таза Қазақстан»: Астанадағы саябақтар мен гүлзарларда тазалықты бақылау күшейтілді
Астана әкімдігі

Астананың Алматы ауданындағы Триатлон паркінде «Заң мен тәртіп» қағидаты мен республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында қоғамдық орындарды ластау жағдайларын анықтауға бағытталған профилактикалық рейд өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Астана әкімдігінің мәліметінше, рейдке аудан әкімдігінің қызметкерлері мен Алматы аудандық Полиция басқармасының қызметкерлері қатысты.

Полиция өкілдері демалушыларға түсіндіру өткізіп, тазалықты сақтаудың және қоғамдық орындарға ұқыпты қараудың маңызын еске салды.

Алматы аудандық Полиция басқармасына қарасты №4 учаскелік полиция пунктінің жұмысын ұйымдастыруға жауапты аға инспектор, полиция майоры Нұралы Танірбергеновтің айтуынша, мұндай іс-шаралар бір реттік емес, тұрақты түрде өткізіледі.

«Триатлон паркі біздің тұрақты бақылауымызда.

Қызметкерлеріміз күн сайын таңертең, күндіз және кешке бұл аумақта патрульдік қызмет атқарып, бақылау жүргізеді. Бұл – полицияның күнделікті жұмысының бір бөлігі», – деді ол.

Оның айтуынша, саябақтар мен гүлзарларды ластау фактілері кездескенімен, ондай жағдайлар салыстырмалы түрде сирек болады. Заң бұзушылық анықталған жағдайда полиция қызметкерлері алдымен профилактикалық түсіндіру жүргізеді, ал қажет болған жағдайда әкімшілік материалдар рәсімдейді.

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қоғамдық орындарды коммуналдық қалдықтарды тастау арқылы ластағаны үшін 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл немесе 40 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы қарастырылған. Ал бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталанса, жаза 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұлға немесе 80 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға дейін күшейтіледі.

Мұндай рейдтердің маңыздылығы туралы елорда тұрғыны Бақыт Мейірғазыұлы да өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, тазалық мәдениеті ең алдымен отбасында қалыптасады.

«Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөз бар. Егер ата-ана өзі тазалықты сақтаса, бала да соны бойына сіңіреді. Басқалар қоқыс тастап жатса да, өз балаңды қоқысты міндетті түрде жәшікке салуға үйрету керек.

Тазалық – отбасынан басталады», – деді ол.

Елорда тұрғындарының айтуынша, мұндай жұмыстар жастардың қоршаған ортаға және қоғамдық кеңістіктерге жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға ықпал етеді.

Айта кетейік, саябақтарда, гүлзарларда және басқа да көпшілік демалатын орындарда профилактикалық рейдтер елорданың барлық ауданында тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бүгін осындай рейд Ботаникалық бақта да ұйымдастырылды. Мұндай іс-шаралардың басты мақсаты – құқық бұзушылықтың алдын алу, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру және елордада қоғамдық тәртіпті сақтау.

Еске сала кетейік, «Таза Қазақстан» — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды республикалық экологиялық акция. Жоба қоршаған ортаны қорғауға, тазалықты сақтауға және ұлттық экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары