Жыл басынан бері Ақтөбе облысы Полиция департаментіне азаматтардың хабар-ошарсыз жоғалуына қатысты 900-ден астам хабарлама келіп түсті. Оның ішінде 470 өтініш кәмелетке толмағандарға қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Криминалдық полиция, патрульдік полиция және басқа да қызметтердің жедел әрекеттерінің нәтижесінде із-түзсіз жоғалғандардың басым бөлігі анықталып, үйлеріне қайтарылды. Қазір үш азаматтың жүрген жері әлі белгісіз, оларды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Ересектердің бірқатары туыстарына ескертпестен жұмыс іздеп басқа жаққа кетіп, байланысқа шықпай қалады немесе тұрғылықты жерін ауыстырады. Ал кәмелетке толмағандар көбіне отбасындағы жанжалдардан, ата-аналарымен түсініспеушіліктің салдарынан немесе салдарын толық түсінбей, өз еркімен үйден кетіп қалады.
Қазір полиция қызметкерлері төмендегі азаматтардың жүрген жерін анықтау мақсатында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп жатыр:
- Хасенов Асылхан Айдарханұлы, 1981 жылғы 15 шілдеде туған, Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының тумасы;
- Сергей Иванович Ковтун, 1981 жылғы 19 шілдеде Ақтөбе облысы Шалқар ауданында туған;
- Болат Шатанұлы Қоңырбаев, 1961 жылғы 19 тамызда Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының Жабасақ ауылында туған.