Алматыдағы Бизнес және коммуникациялар колледжінің диплом табыстау рәсімінде дипломын жыртқандай кейіп танытып, әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен түлек көпшіліктен кешірім сұрады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ол істеген әрекетіне өкініш білдіріп, мұндай жағдай енді қайталанбайтынына уәде берді. Сондай-ақ ресми дипломға ешқандай зиян келмегенін айтты.
«Мен, Әбдрахман Дәулет Айдосұлы, ICB колледжінің студентімін.
Әлеуметтік желілерде таралған диплом тапсыру рәсіміндегі бейнежазбаға байланысты колледж ұжымынан, оқытушылардан, Білім басқармасынан және барша жұртшылықтан шын жүректен кешірім сұраймын.
Ресми дипломға ешқандай зиян келтірілген жоқ. Көрініс үшін алдын ала дайындалған дипломның көшірмесі пайдаланылды. Менің әрекетімде ешқандай жаман ниет немесе колледжге және оның құндылықтарына құрметсіздік көрсету мақсаты болған жоқ.
Болған жағдайға шын жүректен өкінемін және мұндай жағдайдың енді қайталанбайтынына уәде беремін», – деді ол.