Өскеменде қоғамдық көліктің жолақысы өсуі мүмкін

/
Өскеменде қоғамдық көліктің жолақысы өсуі мүмкін
istockphoto.com

Өскемен қаласының билігі қоғамдық көлікте жол жүру ақысын өзгертуді жоспарлап отыр. Осындай қаулы жобасы қала әкімі Алмат Ақышовтың қолымен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің ресми парақшасында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz сайты yk.kz-ке сілтеме жасап. 

Жобаға сәйкес, 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап сараланған тариф енгізу ұсынылған.

Құжатқа сәйкес, көлік картасы мен басқа да электронды төлем сервистері арқылы жол жүру құны 120 теңге болып сақталады. Ал қолма-қол төлем жасаған жағдайда жол ақысы 200 теңге болады. Қазіргі таңда бұл тарифтер тиісінше 90 теңге және 120 теңгені құрайды.

Жобада жаңа тарифтерді 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап енгізу жоспарланғаны көрсетілген.

Қаулының орындалуын бақылау Өскемен қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелмек.

Әзірге бұл – тек қаулы жобасы. Құжат қабылданып, ресми жарияланғаннан кейін ғана жаңа тарифтер күшіне енеді.

Егер жоба қабылданса, Өскемен қолма-қол төлем кезінде жол жүру құны ең жоғары қалалардың қатарына қосылады. Мәселен, Алматыда қолма-қол төлем қарастырылмаған, ал қолма-қолсыз жол жүру құны – 120 теңге. Бұл – еліміздегі қоғамдық көліктегі ең жоғары тарифтердің бірі. Алайда қалалардың экономикасы мен тұрғындардың табыс деңгейі айтарлықтай ерекшеленеді.

Астанада жол жүру құны қолма-қолсыз төлем кезінде 110 теңге. Қарағандыда – 100 теңге, ал қолма-қол төлегенде 200 теңге. Қостанай мен Петропавлда жол ақысы 100 теңге. Шымкентте қолма-қолсыз тариф 70 теңгені құрайды, ал қолма-қол төлем қарастырылмаған.

Қазіргі уақытта құжат жоба мәртебесінде болғандықтан, жаңа тарифтерді енгізу туралы түпкілікті шешім қабылданған жоқ.

Билік бұл мәселеге қатысты тұрғындардың пікірін білуді көздеп отырғаны айтылғанымен, оны қандай тәсілмен жүзеге асыратыны әзірге белгісіз.

Сондай-ақ материал жарияланған сәтте қаулы жобасы нормативтік құқықтық актілерді қоғамдық талқылауға арналған «Ашық НҚА» порталында орналастырылмаған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары