Жыл басынан бері елорда аумағында тұрғын үйлерде ұйымдастырылған төрт заңсыз фитозертхананың қызметі тоқтатылды. Тергеу барысында күдіктілердің пәтерлер мен жеке бөлмелерді арнайы жабдықтап, құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсіруге жағдай жасағаны анықталды. Олар арнайы сатып алынған техникалық құралдардың көмегімен өсімдіктердің өсуіне қажетті микроклиматты қолдан жасап отырған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Кейбір жағдайларда бұл мақсатта жеке пәтерлер, арнайы бөлінген бөлмелер, сондай-ақ тұрғын үйлердің қайта жабдықталған аумақтары, оның ішінде шкафтар мен оқшауланған орындар пайдаланылған. Аталған орындарға жарықтандыру, желдету және ылғалдылықты реттеу жүйелері орнатылған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер заңсыз әрекетке қатысы бар күдіктілерді анықтап, ұстады. Жүргізілген тінтулер кезінде құрамында есірткі заттары бар өсімдіктер, дайын есірткі құралдары және оларды өсіруге арналған арнайы жабдықтар тәркіленді.
Заңсыз айналымнан алынған есірткі құралдарының жалпы салмағы 20 келіге жуық болды.
Аталған деректер бойынша қылмыстық істер қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Полиция құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсіру, сондай-ақ есірткі құралдарын дайындау, сақтау және өткізу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жұмыстары елорда аумағында тұрақты негізде жалғасуда.