16 бала жылдар бойы адам төзгісіз жағдайда, жарықсыз жерде өмір сүріп келген

/
16 бала жылдар бойы адам төзгісіз жағдайда, жарықсыз жерде өмір сүріп келген
Southern Ohio Regional Jail

АҚШ-тың Огайо штатында полиция тар әрі лас бөлмеде ұзақ уақыт бойы оқшауланып өмір сүрген 16 баланы тапты. Олардың жасы бір жарымнан 18 жасқа дейін болған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға 2026 жылғы 30 маусымда тіркелген. Тәртіп сақшылары басқа тергеу аясында Элизабет және Гэри Сайдерстердің үйіне барған. Алайда баспана ішіндегі жағдайды көрген полицейлер балаларды дереу құтқаруға кіріскен.

Тергеу мәліметінше, 16 бала шамамен 13 шаршы метрлік бөлмеде тұрған. Олар кемінде төрт жыл бойы жеткілікті тамақсыз, таза сусыз және тиісті күтімсіз өмір сүрген. Балалардың ешқайсысы мектепке бармаған.

Кейбір балалар сөйлеуді үйренбеген, ал үлкендерінің бірінде дамудың тежелуі байқалған. Ол өз атын да жаза алмаған. Құтқарылған екі бала шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Тағы бір бала жансақтау бөліміне түсіп, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

Огайо штатының бас прокуроры Энди Уилсонның айтуынша, құтқару жұмыстары тағы бір тәулікке кешіккенде, балалардың бірінің немесе бірнешеуінің өміріне қауіп төнуі мүмкін еді. Ол болған жағдайды «таза зұлымдық» деп бағалады.

Винтон округінің шерифі Райан Кейн үй ауласындағы жануарлардың балаларға қарағанда жақсы жағдайда ұсталғанын мәлімдеді.

Оқиғаға байланысты төрт адам қамауға алынды. Олар – 33 жастағы Элизабет Сайдерс, оның 36 жастағы күйеуі Гэри Сайдерс және ер адамның ата-анасы: 73 жастағы Гэри Сайдерс-старший мен 67 жастағы Кристина Сайдерс.

Олардың әрқайсысына балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірді деген айып тағылды. Алайда күдіктілер өз кінәсін мойындамаған. Кейін Гэри Сайдерс-старший денсаулығына байланысты қамаудан босатылды.

Сот құжаттарында балалардың арасында 16, 15, 14, 13, 11, 10, 8, 6 және 5 жастағы балалар бары көрсетілген. Сондай-ақ төрт, екі және бір жастағы үш жұп егіз болған.

Қазіргі уақытта балалардың барлығы Винтон округінің балаларға қызмет көрсету агенттігінің қамқорлығына берілді. Оларға медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.

Оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Көршілер үйде осынша баланың тұрғанын білмегендерін айтты. Олардың сөзінше, балалар аулаға шықпаған және көпшілікке көрінбеген.

Бұрынғы ФБР қызметкері Дженнифер Коффиндафердің мәліметінше, отбасы жиі көшіп, балаларды мемлекеттік органдардан жасырып отырған болуы мүмкін. Оларға тиісті құжаттар рәсімделмеген және мектепке тіркелмеген.

Жергілікті дүкен қызметкері ерлі-зайыптылардың анда-санда бір баланы ертіп келетінін еске алды. Оның айтуынша, бала өте арық болған, жүзін шашымен жауып жүрген және бөгде адамдармен сөйлеспеген.

Оқиға жарияланғаннан кейін әлеуметтік желілерде балаларды темір торда ұстап, ауыздарын скотчпен жапсырғаны туралы ақпарат тарады. Алайда округ прокуроры Билл Арчер бұл мәліметті жоққа шығарды. Оның сөзінше, іс адам саудасына қатысты емес және отбасы ішіндегі балаларға жасалған қатыгез қарым-қатынас ретінде тергеліп жатыр.

Тергеушілер үйдегі жағдай Гэри Сайдерс-старший инсульт алғаннан кейін күрт нашарлаған болуы мүмкін деп болжайды. Туыстары бұған дейін отбасының қалыпты өмір сүргенін және кейбір балалардың мектепке барғанын айтқан.

Құзырлы органдар қазір балалардың қандай жағдайда өмір сүргенін және бұл жағдайдың қанша уақытқа созылғанын толық анықтап жатыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары