Блогер Әділетхан Молдахан 2,5 жылға сотталды

/
Блогер Әділетхан Молдахан 2,5 жылға сотталды
жеке парақшасынан

Жалған ақпарат таратты деп айыпталған блогер Әділетхан Молдахан 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды turkystan.kz Kozachkov offsaide телеграм арнасына сілтеме жасап.

Алматының Алмалы аудандық соты өліммен аяқталған Әл-Фараби даңғылындағы жол апатынан кейін жалған ақпарат таратты деп айыпталған блогер Әділетхан Молдаханға қатысты үкім шығарды.

Сот Молдаханды кінәлі деп танып, оны 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сондай-ақ оған блогерлік қызметпен айналысуға тыйым салынды. Жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздары ішінара қанағаттандырылды.

Сот жарыссөзінде прокурор Молдаханға 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленушілер айыптауды қолдап, блогерлік қызметпен айналысуына да тыйым салуды өтінген.

Бұған дейін Әділетхан Молдахан өз кінәсін мойындаған. Оның қорғаушылары бұлтартпау шарасын өзгертуді, істі жеңілдетілген тәртіппен қарауды және медиация жүргізуге уақыт беруді сұраған. Алайда сот бұл өтініштерді қанағаттандырмаған. Үкім шыққанға дейін блогер қамауда болды.

Әділетхан Молдаханға Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы («Бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша айып тағылды.

Іс бойынша Алматы қалалық полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев пен қалалық әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы басшысы Серік Шумаев жәбірленуші ретінде танылған.

Қылмыстық іс Әл-Фараби даңғылында болған адам өлімімен аяқталған жол апатынан кейін жарияланған жазбаларға байланысты қозғалды. Жол апатынан кейін Молдахан құқық қорғау органдары қызметкерлерінің түнгі жарысты ұйымдастыруға қатысы болуы мүмкін екені туралы видеолар жариялаған.

Еске салайық, жол апаты 21 наурызға қараған түні болған. Александр Пак басқарған Zeekr көлігі қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы қаза тапты.

Оқиғадан кейін Ішкі істер министрі Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасарын, әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшыларын қызметінен босатты. Сондай-ақ департамент басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты әрекетсіздік фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

31 наурызда Әділетхан Молдахан жалған ақпарат таратты деген күдікпен ұсталып, кейін екі айға қамауға алынған болатын.

Ал жол апатына қатысты іс бойынша Александр Пак өз кінәсін толық мойындап, 10 жылға бас бостандығынан айырылды және өмір бойына көлік басқару құқығынан айырылды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар