Жамбыл облысы Шу қаласында кәріз құдығына түскен аурухананың екі жұмысшысы қаза тапты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Шу қаласында болған қайғылы оқиға салдарынан аурухананың бірнеше қызметкері кәріз құдығына түсіп, газға уланған.
Алдымен кәріз жүйесін жөндеуге түскен сантехник тұншығып, көмекке шақырған. Оның дауысын естіген зертхана қызметкері әріптесін құтқармақ болып, тереңдігі шамамен үш метр болатын құдыққа түскен. Алайда ол да есінен танып қалған. Кейін екі әріптесін аман алып қалуға ұмтылған үшінші қызметкер де құдықтан шыға алмай қалған. Салдарынан екі адам оқиға орнында көз жұмса, үшінші болып түскен сантехник аман қалып, қазір дәрігерлердің бақылауында жатыр.
Полиция аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 156-бабының 4-бөлігі («Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Ал Шу көпбейінді орталық аудандық ауруханасының әкімшілігі оқиғаға қатысты құзыретті мемлекеттік органдар жан-жақты әрі объективті тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ аурухана әкімшілігі оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін уәкілетті мемлекеттік және тергеу органдарына толық көлемде қолдау көрсетіп отырғанын хабарлады.
«Тексерілмеген ақпаратты, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратудан және тергеу аяқталмай тұрып асығыс қорытынды жасаудан бас тартуға шақырамыз. Ресми тергеу нәтижелерін күткен жөн», – делінген аурухана әкімшілігінің хабарламасында.