Жаркентте мектеп аумағында 5-сынып оқушысы қаза тапты, деп хабарлайды turkystan.kz 24KZ телеарнасына сілтеме жасап.
Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға 9 шілде күні болған. Ойын кезінде қыз бала құлпы салынбаған трансформаторлық қосалқы стансаға кіріп, электр тогына түсіп, оқиға орнында көз жұмған. 10 шілдеде ол 10 жасқа толуы тиіс еді.
Жетісу облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаға байланысты қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау немесе қызмет көрсету фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
«Оқиғаның мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде. Нысанды пайдалану мен оның қауіпсіздігіне жауапты лауазымды тұлғалардың жауапкершілік деңгейі анықталуда. Сонымен қатар уәкілетті мемлекеттік органдарға анықталған заңбұзушылықтар мен болашақта жазатайым оқиғаларға әкелуі мүмкін кемшіліктерді жою туралы нұсқама жолданды», – деп мәлімдеді Жетісу облысының полициясы.