Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Әділет» партиясының кезектен тыс III съезі өтіп жатыр. Оған еліміздің барлық өңірінен келген, түрлі салада еңбек ететін 1000-нан астам делегат, облыстық филиалдардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері мен сарапшылар, арнайы қонақтар қатысып жатыр. Съездің баспасөз конференциясында партияның Саяси кеңес мүшесі Бағдат Мусин жасанды интеллектіні дамыту партияның негізгі басымдықтарының бірі екенін баса айтты, деп хабарлайды turkystan.kz..
Оның сөзінше, AI-Sana бағдарламасы енді өңірлерді, мектептерді және жұмыс орындарын қамтып, мемлекеттік басқаруда жасанды интеллектіні кеңінен енгізу көзделіп отыр.
«Сайлауалды бағдарламамызды әзірлеп, негізгі басымдықтарды айқындадық. Ең алдымен азаматтарымызды жасанды интеллект дәуіріне бейімдеуіміз керек. Қазір AI-Sana бағдарламасы аясында студенттерге білім беріліп жатыр. Бағдарлама бойынша 650 мың студент оқудан өтті. Алайда мұнымен шектелмейміз. AI-Sana бағдарламасы өңірлерде де жүзеге асырылады. Оның аясында орта білім беру ұйымдарында және жұмыс орындарында арнайы оқыту жүргізілетін болады.
Екіншіден, data-орталықтарын ашып жатырмыз. Өйткені бұл – жасанды интеллектіні дамытуға қажетті негізгі қуат.
Үшіншіден, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында жасанды интеллект жан-жақты қолданылатын болады. Соның нәтижесінде тиімділігі жоғары сервистер көбейеді. Сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс бақылап, қадағалау үшін олардың компьютерлеріне жасанды интеллект құралдары енгізіледі», – деді Б. Мусин.