Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Әділет» партиясының кезектен тыс III съезі өтіп жатыр. Оған еліміздің барлық өңірінен келген, түрлі салада еңбек ететін 1000-нан астам делегат, облыстық филиалдардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері мен сарапшылар, арнайы қонақтар қатысып жатыр. Ұйымдастырушылық мәселелер қаралғаннан кейін съез делегаттары Сайлауалды бағдарламаның негізгі басымдықтарын талқылап, Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін бекітті, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Әділет» партиясы Саяси кеңесі бюросының мүшесі Рауан Кенжехан партияның халықпен ашық диалог орнатуға дайын екенін атап өтті.
«Жаңа ғана қабылданған біздің сайлауалды бағдарламамызды талқылауға еліміздің барлық аймағынан 10 мыңнан астам адам қатысты. Өздеріңіз көріп отырғандай бізге Қазақстанның барлық өңіріндегі халықпен байланысқа шығу өте маңызды. Сондықтан келе жатқан науқан кезінде де, одан тыс уақытта да партия өкілдері аймақтарды жай ғана аралап қоймай, халықпен бірге жұмыс істеуге, ұсыныстарды қабылдауға, пікір алмасуға дайынбыз. 23 шілдеден бастап үгіт-насихат жұмыстары басталады. Сол уақытта біз еліміздің барлық елдімекеніне баруға тырысамыз», – деді ол.
Ол сондай-ақ бәсекелес партияларды Әділетті Қазақстанды құру жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
«Бәсекелес партияларға құрметпен қараймыз. Бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз. Біздің бағытымыз – ешкіммен жарысу, бәсекеге түсу немесе қарсыласу емес. Бәріміздің мақсатымыз – бақуатты, әділетті Қазақстанды құруға үлес қосу», – деді ол.