Жібек жолы ауылында бір отбасын қырып салған күдікті жазадан босатылды

/
Жібек жолы ауылында бір отбасын қырып салған күдікті жазадан босатылды

Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Астана маңындағы Жібек жолы ауылында болған жаппай кісі өлтіру ісін қарады. Биыл көктемде болған қайғылы оқиға салдарынан төрт адам қаза тапқан, деп хабарлайды turkystan.kz.

Соттың мәліметінше, 2026 жылдың наурыз айында сотталушы мен оның жиені арасында өз анасының үйінде ұялы телефонның бұзылуына байланысты жанжал шыққан.

Жиені полицияға хабарласқанымен, кейіннен отбасылық жанжал реттелген. Сотталушының анасы полиция қызметкерлеріне шақыртудың асығыс жасалғанын айтып, ұлына қатысты ешқандай шара қолданбауды сұраған.

Алайда полицейлер кеткеннен кейін сотталушы ашуға мініп, ас үй балтасын қолына алып, үйде болған адамдарға бірнеше рет соққы жасаған. Соның салдарынан оның анасы, жиені және қонаққа келген егде жастағы екі адам оқиға орнында көз жұмған. Қаза тапқан төрт адамның үшеуі зейнеткер болған.

Сараптама қорытындысына сәйкес, сотталушы параноидты шизофрения түріндегі созылмалы психикалық дертке шалдыққан. Қылмыс жасаған сәтте ол созылмалы психикалық бұзылыс жағдайында болғандықтан, өз әрекетіне есеп бере алмаған. Сондай-ақ ол тергеу әрекеттеріне қатысуға және сот алдында жауап беруге қабілетсіз деп танылған.

Белгілі болғандай, 2022 жылы ол психиатриялық ауруханада мәжбүрлі ем қабылдаған. Қазіргі уақытта республикалық психиатриялық аурухананың қарқынды бақылауы бар қатаң оқшаулау жағдайындағы бөлімшесінде ем алып жатыр.

Осыған байланысты сот ер адамды қылмыстық жауаптылықтан босатып, оған қарқынды бақылауы бар мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлі емдеу шарасын қолдану туралы шешім шығарды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары