KyzdarNet сайтының ұйымдастырушыларына үкім шықты

/
KyzdarNet сайтының ұйымдастырушыларына үкім шықты
Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, Қазақстанда алғаш рет KyzdarNet сайты арқылы жезөкшелікті ұйымдастыруға жәрдемдескен трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың ұйымдастырушысы мен мүшелері қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Полиция департаментінің тергеу бөлімшелерінің қызметкерлері соңғы жылдары тыйым салынған веб-ресурстың қызметіне байланысты жеңгетайлық дерегі бойынша 5 қылмыстық істі сотқа жолдағанын хабарлады. Осы істерді талдау барысында қылмыстық желінің жұмыс істеу схемасы анықталып, ұйымдасқан қылмыстық топтың келесі деңгейіне шығуға мүмкіндік туған.

Аталған қылмыстық іс 2025 жылдың мамыр айында тіркелген. Ведомствоаралық жедел-тергеу тобының құрамына Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің және Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері кірді. Тергеу жұмыстары Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураның үйлестіруімен жүргізілді.

Полицияның айтуынша, бұл тергеу бұрын-соңды болмаған ауқымда өтті. Тергеушілер мен жедел қызметкерлер цифрлық іздерді зерттеп, криптовалюта арқылы жүргізілген транзакцияларды және халықаралық серверлік инфрақұрылымды бақылауға мәжбүр болды.

Полицияның мәліметінше, өткен жылдың шілде айында Астана қаласы мен Қазақстанның басқа да қалаларында жүргізілген арнайы операция барысында алты күдікті ұсталған. Тергеу нұсқасы бойынша, олар еліміздің бүкіл аумағында жезөкшелікпен айналысатын адамдардың жарнамасын орналастыруды қамтамасыз еткен, сайттың жұмысын әкімшілендірген және ұйымдастырушылардың мүддесі үшін криптовалюта арқылы қаржылық операциялар жүргізген.

Тергеу әрекеттері 8 ай бойы жүргізілді. 2026 жылғы 19 маусымда Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұйымдасқан қылмыстық топтың негізгі алты мүшесіне қатысты айыптау үкімін шығарды.

Олар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 264-бабының 1-бөлігі және 309-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Сонымен қатар, айыпталушылардың бірі Қылмыстық кодекстің 214-бабының 2-бөлігі және 218-бабының 1-бөлігі бойынша да сотталды.

Сот үкіміне сәйкес, ұйымдастырушы 10 жылға бас бостандығынан айырылды, ал бес негізгі менеджердің әрқайсысы 8 жылдан бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Алайда үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Полицияның хабарлауынша, жедел уәкілдер, тергеушілер мен криминалистер ұйымдасқан қылмыстық топтың барлық мүшелерін анықтау және олардың заңсыз әрекеттерін толық құжаттау мақсатында қажетті тергеу және жедел-іздестіру шараларын жалғастырып жатыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары