Павлодар облысында сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету және әкімшілік айыппұлдар мен өзге де берешектерді өндіріп алу мақсатында борышкерлерді анықтауға бағытталған рейдтік іс-шаралар жалғасуда, деп хабарлайды turkystan.kz.
Кезекті рейд барысында облыс орталығында Chevrolet Nexia автокөлігі арнайы айып тұрағына қойылды. Белгілі болғандай, көлік иесінің жалпы сомасы 6 млн теңге көлеміндегі берешегіне байланысты автокөлікке тыйым салынған.
– Аталған көлік арнайы айып тұрағына жеткізілді. Иесі барлық берешегін толық өтегеннен кейін ғана көлігін қайта пайдалана алады, – деді Павлодар қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторы Тимур Хисматуллин.
Полицейлер мұндай рейдтердің басты мақсаты – жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету және сот шешімдерінің уақытылы орындалуына ықпал ету екенін атап өтті.
Осыған байланысты полиция азаматтарды жол қозғалысы ережелерін сақтауға, әкімшілік айыппұлдар мен өзге де қаржылық міндеттемелерді уақытылы өтеуге шақырады. Себебі берешек уақытында өтелмесе, көлікке тыйым салынып, арнайы айып тұрағына қойылуы мүмкін.