Адам қайткенде жұмысын жақсы көреді? – ғалымдар зерттеу жүргізді

/
Адам қайткенде жұмысын жақсы көреді? – ғалымдар зерттеу жүргізді
сурет: istockphoto.com

Жоғары жалақы немесе жайлы кеңсе адамның жұмысты жақсы көруіне жеткіліксіз. Ғалымдар 35 жыл бойы жүргізілген 1 192 ғылыми зерттеуді талдап, қызметкерлердің жұмысқа деген ынтасын арттыратын негізгі үш факторды анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz sciencedirect-ке сілтеме жасап.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, адамдар жұмыста өздерін еркін сезініп, қабілеттерін дамытып және ұжыммен жақсы қарым-қатынас орната алғанда әлдеқайда бақытты әрі өнімді болады. Басқаша айтқанда, жұмыстағы үш негізгі психологиялық қажеттілік – дербестік (autonomy), құзыреттілік (competence) және адамдармен байланыс (relatedness) қамтамасыз етілгенде қызметкерлер өз әлеуетін толық ашады.

Зерттеу авторларының айтуынша, қаржылық ынталандыру маңызды болғанымен, ол жұмысты жақсы көрудің басты себебі емес. Қызметкерлерге сенім білдіру, кәсіби өсуге мүмкіндік жасау және қолайлы жұмыс атмосферасын қалыптастыру әлдеқайда маңызды рөл атқарады.

Ғалымдардың пікірінше, адам өмірінің шамамен 90 мың сағатын немесе өмірінің 10 жылын жұмыста өткізетіндіктен, еңбек орны қажытатын емес, керісінше дамуға, шабыттануға және әл-ауқатты жақсартуға ықпал ететін орта болуы тиіс.

Зерттеу 35 жыл ішінде жарияланған 1 192 ғылыми жұмысты қамтыған ауқымды шолу негізінде жүргізілді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары