Түркияда 18 жастағы қазақстандық қыз көз жұмды

/
Түркияда 18 жастағы қазақстандық қыз көз жұмды
istockphoto.com

15 маусымда Анталия қаласында болған жол апаты салдарынан 18 жастағы қазақстандық қыз қаза тапты, деп хабарлайды turkystan.kz Nur.kz-ке сілтеме жасап. 

Ол Түркияда өндірістік тәжірибеден өтіп, қонақүйлердің бірінде аниматор болып жұмыс істеген.

Туыстарының айтуынша, оқиға болған күні бойжеткеннің іші ауырып, өзін жайсыз сезінген. Осыған байланысты ол танысынан ауруханаға жеткізіп беруді өтінген. Алайда жолда олар мінген мотоцикл жол апатына ұшыраған. Салдарынан жүргізуші мотоциклден ұшып кеткен, ал қазақстандық қыз ауыр жарақат алған.

Ол ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмаған. Марқұмның туыстары оқиғаның жан-жақты тергелуіне көмек көрсетуді сұрады.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қаза болған азаматшаның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

«Анталиядағы Қазақстанның Бас консулдығы құжаттарды рәсімдеуге, Түркияның мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимыл жасауға және марқұмның мәйітін елге қайтаруды ұйымдастыруға қатысты барлық қажетті консулдық-құқықтық көмекті көрсетті», – деп хабарлады ведомство.

Министрліктің хабарлауынша, марқұмның денесі Қазақстанға 17 маусымда жеткізілген. Репатриация жұмыс беруші мен серіктес ұйымдардың қолдауымен тегін ұйымдастырылған.

«Азаматшаның қаза болу мән-жайы Қазақстан Республикасының Анталиядағы Бас консулдығының бақылауында. Қазақстандық дипломаттар осы мәселе бойынша Түркияның құзырлы органдарымен өзара іс-қимылды жалғастырады», – деп мәлімдеді министрлік.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары