Жамбыл облысында трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды

/
Жамбыл облысында трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды
istockphoto

Жамбыл облысында Қазақстан аумағына таңбалаусыз темекі өнімдерін заңсыз әкеліп, өткізумен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігі.

Темекі контрабандасында "Хавала" жүйесі қолданылған

Жамбыл облысының тұрғыны Қырғыз Республикасынан темекі өнімдерін заңсыз жеткізу арнасын ұйымдастырып, тауарды өзіне бағынышты адамдар арқылы өткізген.

"Контрафактілік өнім Тараз қаласындағы сауда орындары арқылы сатылып, сондай-ақ Алматы, Шымкент қалаларына, Қарағанды, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарына жөнелтілген", – дейді агенттік.

Тергеу барысында 30-дан астам тінту жүргізілді. Заңсыз айналымнан жалпы құны 293 млн теңге болатын 319 мыңнан астам қорап таңбалаусыз темекі өнімі тәркіленді. Төленбеген акциздердің сомасы 115 млн теңгені құрады.

Трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында тауарды жеткізу мен өзара есеп айырысуды қамтамасыз еткен Қырғыз Республикасының азаматтары болған.

Қылмыстық кірістердің қозғалысын жасыру үшін топ мүшелері банктік жүйеден тыс ақша аударуға мүмкіндік беретін бейресми "Хавала" есеп айырысу жүйесін пайдаланған.

Сот санкциясымен өнімді тасымалдауға пайдаланылған үш автокөлікке тыйым салынды, бес күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары