2026 жылғы I тоқсандағы бағалау бойынша халықтың жан басына шаққандағы орташа атаулы ақшалай табысы айына 252 619 теңге болды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл 2025 жылғы I тоқсанмен салыстырғанда 11,8% жоғары, көрсетілген кезеңде нақты ақшалай табыс 0,1 пайызға өсті.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, халықтың орташа табысы соңғы үш жылда тұрақты өсіп келеді. Мәселен, 2023 жылдың I тоқсанында орташа табыс 178 059 теңге болса, 2024 жылдың I тоқсанында 204 993 теңгеге, 2025 жылдың I тоқсанында 225 910 теңгеге, ал биыл 252 619 теңгеге жетті.
Өңірлер бойынша ең жоғары орташа табыс Алматы қаласында тіркелді – 408 182 теңге. Одан кейін Ұлытау облысы (353 036 теңге), Астана қаласы (352 811 теңге) және Атырау облысы (323 716 теңге) орналасқан.
Ал ең төменгі көрсеткіш Түркістан облысында – 143 409 теңге. Сондай-ақ Шымкентте орташа табыс 160 951 теңге, Жамбыл облысында 166 768 теңге, Жетісу облысында 173 876 теңгені құрады.
Атаулы табыстың ең жоғары жылдық өсімі Алматы облысында (19,1%), Қарағанды облысында (16,4%) және Алматы қаласында (15,1%) байқалды. Ал нақты ақшалай табыстың ең жоғары өсімі Алматы облысында (106,3%), Қарағанды облысында (104,5%) және Алматы қаласында (103,4%) тіркелді.

Жалпы, өңірлер арасындағы табыс айырмашылығы сақталып отыр. Биылғы бірінші тоқсанда ең жоғары және ең төменгі орташа табыс арасындағы алшақтық 2,8 есені құрады.