Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Данияр Елеусіновке қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz Kozachkov offside Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Сотта анықталғандай, азамат Е. алкогольдік масаң күйде автокөлікті басқарып, Астана қаласының көшелерімен автокөлікті басқарып келе жатып 3 жол-көлік оқиғасын жасаған (бұдан әрі – ЖКО).
Жол жүрісі қағидаларының талаптарын бұзу салдарынан жүргізуші:
- жерасты автотұрағы қақпасының тірегіне соқтығысқан;
- басқа автокөлікпен соқтығысып, инерцияның әсерінен тағы бір автокөлікке соғылған;
- кейіннен Kia Sportage автокөлігімен соқтығысып, соққының әсерінен аталған автокөлік Toyota Hilux автокөлігіне соғылған.
Жол-көлік оқиғаларының салдарынан көлік құралдарына механикалық зақым келтіріліп, материалдық шығын келтірілген.
Құқық бұзушының кінәсі іс материалдарымен, оның ішінде медициналық куәландыру қорытындысымен дәлелденді. Аталған қорытындыға сәйкес Е.-де алкогольдік масаңдықтың жеңіл дәрежесі анықталған. Сонымен қатар кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалармен, жол-көлік оқиғаларының сызбаларымен, бейнежазбалармен, оқиғаға қатысушылардың түсініктемелерімен және сотта зерттелген өзге де дәлелдемелермен расталды.
Е. өз кінәсін толық мойындады.
Сот Е.-ге 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза тағайындады.